Үйде бос тұрған ескі теледидарды көп адам тек артық зат ретінде көреді. Бірақ оны дұрыс пайдалансаңыз, қарапайым телевизор жұмысқа, оқуға немесе күнделікті цифрлық тірлікке ыңғайлы қосымша экранға айнала алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Егер жұмыс үстеліңіз тар болып, ноутбук экраны жеткіліксіз көрінсе, ескі теледидар дәл сіз күтпеген шешім болуы мүмкін. Оны ноутбукке немесе үстел компьютеріне қосып, екінші монитор ретінде пайдалануға болады. Мұндай тәсіл әсіресе бір мезетте бірнеше тереземен жұмыс істейтіндерге, құжат қарап отырып бейнеқоңырау жасайтындарға, фото мен видео өңдейтіндерге өте ыңғайлы.
Көп жағдайда телевизор мен компьютерде HDMI порты болады. Сондықтан қосу үшін көбіне бір ғана HDMI кабелі жеткілікті. Кабельді жалғағаннан кейін экранды кеңейтіп пайдалануға мүмкіндік ашылады. Яғни негізгі мониторда бір жұмыс жүріп жатса, екінші экранда қосымша терезелерді, кестені, анықтаманы немесе видеоны ашып қоюға болады. Бұл үнемі бір қойындыдан екіншісіне секіріп отырмай, жұмысты жинақы жүргізуге көмектеседі.
Егер құрылғының бірінде HDMI порты болмаса, мәселе мұнымен бітпейді. Нарықта түрлі HDMI адаптерлері бар. Соның көмегімен ескі немесе өзгеше порттары бар техника да қосыла береді. Яғни ескі теледидарды кәдеге жарату үшін қымбат техника алудың қажеті жоқ.
Баптау жағы да күрделі емес. Windows жүйесінде «Параметрлер» бөліміне кіріп, «Дисплей» арқылы экранды қайталау не кеңейту режимін таңдауға болады. Ал Mac құрылғыларында «Жүйе баптаулары» ішіндегі «Дисплей» бөлімінен экрандардың орналасуын өзіңізге ыңғайлап қоюға мүмкіндік бар. Мұнда ең маңыздысы – ажыратымдылықты теледидар мүмкіндігіне сай дұрыс таңдау. Сонда сурет анығырақ, мәтін оқуға ыңғайлы болады.
Әрине, теледидар кәдімгі кәсіби мониторды толық алмастыра бермейді. Әсіресе мәтінмен ұзақ жұмыс істегенде кей ескі телевизорларда сурет аса анық болмауы мүмкін. Бірақ қосымша экран ретінде ол өте пайдалы шешім. Бір жағынан артық шығын шықпайды, екінші жағынан үйде бос тұрған техника қайта іске қосылады.
Қысқасы, ескі теледидарды қоймаға тығып қоюға асықпаған жөн. Қарапайым кабель арқылы ол сіздің жұмыс кеңістігіңізді кеңейтетін, күнделікті тірлікті жеңілдететін пайдалы құралға айналуы мүмкін.
Қазіргі iPhone мен кей Android телефондарында түнгі ұзақ қуаттауды ескеріп, батареяны 80 пайыз маңында ұстап, толық зарядты тек оянар уақытқа жақын аяқтайтын жүйелер бар. Apple мұны Optimized Battery Charging деп атайды, ал Google Pixel құрылғыларында Adaptive Charging осыған ұқсас жұмыс істейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







