Атышулы Айка дейтін блогер алғаш рет көпшілік алдына шығып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін 2024 жылы 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған Айканың жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылған болатын. Оның сынақ мерзіміне жіберілуіне кішкентай баласының болуы себеп болған.
Бостандыққа шыққаннан кейін блогер қоғам мен БАҚ алдында жеке мәлімдеме жасады. Айканың айтуынша, осыған дейін жағдайға қатысты пікір білдіруге мүмкіндігі болмаған.
«Сәлеметсіздер ме, менің есімім Айка, жасым 27-де. Ұзақ уақыттан кейін алғаш рет жұртшылық алдына шығып отырмын. Өмірімнің соңғы кезеңі өте ауыр өтті, ол кезде өз пікірімді білдіруге заңдық тұрғыда мүмкіндік болмады. Қазір сынақ мерзімінде жүрмін, заң аясында әрекет етіп, өзімнің ұстанымымды қысқаша жеткізуді жөн көрдім», – деді Айка.
Блогер осы мәлімдеменің мемлекеттік органдарға немесе билік өкілдеріне қатысы жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол өзінің есіміне байланысты түрлі ақпараттың тарағанын, оның көбі шындыққа жанаспайтынын немесе біржақты берілгенін алға тартты.
«Қазір бар күшімді өмірімді қайта реттеуге арнап жатырмын. Баламды тәрбиелеп, өз жолыммен, таза әрі саналы түрде жүруге тырысамын», – деп мәлімдеді блогер.
Сөз соңында Айка журналистерді құқықтық шектеулерді ескеріп, бұл мәлімдемесін дұрыс жеткізуге шақырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Абақтыдағы азап өмір
Бұған дейін әлеуметтік желіде жазған жазбасында Айка темір тордағы өмірінің қиын сәттерін еске алған. Ол үш жыл бойы Алматыдан мыңдаған шақырым жерде, отбасынан алыста, жалғыздықтың азабын тартқанын жазды.
«Үш жыл үш жүз жылдай ұзақ өтті. Онда уақыт тоқтап қалғандай болды. Әр күнім бір-бірінен аумайтын, әр түнде жанымды жалғыздық пен бос кеңістік қана биледі. Отбасымнан, үйімнен мың шақырым қашықтықта болу өте ауыр еді», – деп еске алды ол.
Айканың айтуынша, түрмеден кейін еркін өмірге қайта бейімделу оңай болмаған.
«Бостандыққа оралғанымда бәрі өзгеріп кеткенін көрдім. Бұрын таныс қалам енді бөтен, ал адамдар да басқаша болып кеткен. Барлығы жарқын, жылдам, шулы, мен өзімді басқа бір әлемнен келгендей сезіндім. Кейде бұл маған өте қиын әрі қорқынышты», – деді блогер. Жазба соңында Айка қиын сәтте өзін қолдап, теріс айналмаған жандарға алғыс білдірді.
Контекст
Айка алғаш рет 2023 жылдың маусымында ұсталған болатын. ҚР Ішкі істер министрлігінің сол кездегі мәліметі бойынша, ол Алматыда жабық чаттар арқылы элиталық эскорт қызметін ұйымдастырған.
Тергеу дерегінше, Айка әлеуметтік желіде өзін сән-салтанатты өмір сүретін блогер-модель ретінде көрсетіп, ауқатты клиенттерге интимдік қызмет көрсетуге дайын қыздарды таңдаған.
Ол қыздарға қалталы адамдармен танысып, әлемді аралауға және демеуші табуға уәде берген. Сондай-ақ, 2024 жылдың мамырында ол ірі көлемде психотроптық зат сақтағаны және жеңгетайлықпен айналысқаны үшін сотталған еді.
Бұған дейін 077Diva лақап атымен танылған блогер тікелей эфирдегі сөзі үшін 10 тәулікке қамалған еді. Тікелей эфирде есірткі затын «көңіл-күй көтеру үшін» қолданатынын ашық айтқан блогердің видеосына Шымкент полициясының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы назар аударған.

