Жетісу облысында мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып, мал басын көбейту, өнім көлемін арттыру мен экспорттық әлеуетті күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылы өңірдегі мал шаруашылығы өнімі 3,9%-ға өскен. Әсіресе, мемлекеттік қолдаудың арқасында ет өндіру – 4,6%-ға, сүт өндіру 4,4%-ға артты.
Қазіргі таңда облыста мал шаруашылығымен айналысатын үш мыңнан астам шаруашылық бар, оның мыңға жуығы асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданады. Жалпы өңірдегі ауыл шаруашылығы жануарларының саны 2,3 миллионға жетті.
Өткен жылы мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізіліп, қосымша 8 жаңа бағыт іске қосылды. Субсидиялардың кейбір түрлерінің көлемі 70-80 пайызға дейін ұлғайды. Бұдан басқа, шаруалар Аграрлық несие корпорациясы арқылы мал сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға жылдық 6%-бен жеңілдетілген несие ала алады.
– Бұл өзгерістер фермерлерге мал шаруашылығын кеңейту үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, отарлы мал шаруашылығы мен асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін төмен пайызды несиелер шаруаларға тың серпін берді, – дейді Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиков.

Фермерлерге қаржылық қолдауды жеңілдету мақсатында «Даму» қоры арқылы қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру механизмі де жұмыс істейді. Бұл шара өңірдегі үш ірі бордақылау алаңына жалпы 1,3 млрд теңгеден астам несие алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар «Ірі жобалар» бағдарламасы шеңберінде қуаты 3500 тонналық ет комбинатын кеңейту мен 5 мың басқа арналған қой фермасын салу жобалары қаржыландырылды.
Жақын арада жылына 15 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы мен 10 мың тоннадан астам өнім шығаратын құрамажем зауытын іске қосу жоспарланған.
Бұдан бөлек, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 153 жоба қаржыландырылып, шаруаларға 6,5 мың бас мал сатып алуға қолдау көрсетілген. Осылайша, өңірде мал шаруашылығының даму қарқыны артып келеді.
Жетісу облысында биыл қант қызылшасы 13 мың гектар алқапқа егілмекші, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 838 гектарға артық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

