АҚШ-тың Флорида штатында Палм-Бич халықаралық әуежайы президент Дональд Трамптың есімімен атау ұсынысы қолдау тапты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Флорида штатындағы республикалық партияның бақылауындағы өкілдер палатасы әуежайды «Президент Дональд Дж. Трамп атындағы халықаралық әуежай» деп қайта атауды мақұлдады. Бұл шешімді қолдап 81 депутат дауыс берсе, 30 депутат қарсы шықты.
Заң жобасының авторларының бірі, Палм-Бич округінен сайланған өкіл Мег Вайнбергер бұл шешімнің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Дональд Трамп әуежайдан небәрі 5 миль жерде тұрады, сол себепті мұндай құрметке әбден лайық.
Сент-Огастин қаласының республикалық өкілі Ким Кендалл болса, бұрынғы президенттің кезінде әуежай инфрақұрылымын жаңартуға үлкен инвестиция салынғанын, бұл шешімнің соны мойындау екенін айтты. Ал Стюарт округінен сайланған Джон Снайдер заң қабылданғаннан кейін әуежай «ресми түрде ұлы» атанатынына сенімді.
Дегенмен, демократтар бұл шешіммен келіспей отыр. Олар әуежайды Трамптың президенттік қызметі толық аяқталған соң ғана қайта атау керек деп санайды. Себебі Дональд Трамп АҚШ тарихындағы екі рет импичмент жарияланған, Нью-Йорк қаласындағы сотта іскерлік құжаттарды бұрмалағаны үшін 34 айып тағылған президент болып отыр.
«Оның қазіргі мұрасы көңіл көншітпейді», – дейді Майами өкілі Эшли Гантт.
Заң жобасының авторлары Трамптың компаниясымен келіссөз жүргізбегенін, сондай-ақ президенттің отбасы әуежай атауына қатысты ешқандай брендтік құқықты талап етпейтінін мәлімдеді.
Демократтар әуежайға Трамппен қатар АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннедидің атын да беруді ұсынғанымен, бұл ұсыныс қолдау таппады.
Сенат бұл шешімді бекітсе, Палм-Бич әуежайының инфрақұрылымын қайта атауға байланысты белгілер мен маңдайшаларды ауыстыру үшін бюджеттен 2,75 миллион доллар бөлінеді. Айта кетейік, бұл әуежай жыл сайын шамамен 8,6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді.
Осы орайда АҚШ-тағы бұл оқиға біздің елдегі жағдайды еске түсіреді. Қазақстанда да ел астанасының әуежайына тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын. Алайда уақыт өте бұл шешім қоғам тарапынан әртүрлі сынға ұшырады. Назарбаев та Трамп секілді қоғамда қарама-қайшы пікірлер тудырып отырған тұлға. Сондықтан тұлғаға берілген атаулар уақыт сынағынан өтуі қажет екені анық. Ал Флорида штатындағы шешімнің уақыт сынына қаншалықты төтеп беретінін алдағы жылдар көрсетеді.
Tk3v3plt АҚШ-қа виза алу қиындайды деген әңгіме тараған еді. Осыған орай Уашиңтонның еліміздегі елшісі Жули Стаффт мұның уақытша дүние екенін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

