Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағай су қоймасы маңындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүріп жатқан сот процестерін Бас прокуратураның ерекше бақылауына алуды талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмысы 2025 жылдан басталған. Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті 55 учаскеден заңсыздықтар анықтаған. Кейбір істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот жерді жалға беру және сату-сатып алу келісімдерін заңсыз деп танып, шешім шығарған.
Алайда Базарбектің сөзінше, сот тәжірибесі бірізді емес. Ұқсас істерде сот талаптарды қанағаттандырмаған жағдайлар да бар.
«Бір қызығы, дәл осы сот Forbes тізіміндегі №1 олигархтың әкесі және «Тамыз-КА» ЖШС қатысқан істе, жағдайлар мен талаптар тура сондай бола тұра, жер басқармасы департаментінің шағымын қанағаттандырмай тастайды. Себеп ретінде бірде бекітілген су қорғау аймақтарының жоқтығын, бірде ескерту қағаздарының берілмегенін, бірде бастапқы мәміледен 20 жыл өткенін, енді бірде сатып алушылардың адал ниетін алға тартады. Әрине, біз судьялар мен соттардың жеке ұстанымдарын ұзақ талқылай аламыз. Бірақ Жер және Су кодекстерінде нақты айтылған талап өзгермейді: су қоры жерлері жеке меншікте бола алмайды», – деді депутат.
Базарбек атап өткендей, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауы сияқты су қоры жерлерінің жекеменшікке өтуі заңсыз әрекет.
Сол себепті депутат Бас прокуратураны мемлекеттік мүддені қорғауға және аталған жерлерді қайтаруға бағытталған барлық істердің әділ қаралуын қадағалауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







