Freedom Holding Corp. 2026 фискалдық жылының тоғыз айында айтарлықтай қаржы көрсеткіштерін жариялап, нарықтың назарын өзіне аударып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Холдингтің осы кезеңдегі жалпы түсімі 1,7 млрд долларды құрап, тұрақты даму қарқынын көрсетуде. Ал компанияның таза пайдасы 145,4 млн долларға жеткен, бұл әрбір жай акцияға шаққанда 2,43 доллардан келеді.
Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов қаржылық нәтижелерге былай деп түсініктеме берді:
– Макроэкономикалық жағдайдың өзгерістері мен жаңа реттеуші талаптарға қарамастан, біз өтімділікті жоғары деңгейде сақтап, клиенттік базаны арттыруды жалғастырып келеміз. Мұндай көрсеткіштерге компанияның икемді стратегиясы мен инновацияларға деген ерекше ықыласы мүмкіндік беріп отыр. Біз үшін ең басты мақсат клиенттер мен акционерлердің ұзақ мерзімді сеніміне ие болу.
Компанияның 2026 фискалдық жылғы үшінші тоқсанындағы түсімі былтырғы сәйкес кезеңдегі 664,6 млн доллардан 628,6 млн долларға төмендеген. Бұл динамика сақтандыру сыйлықақыларының азаюы, сауда операцияларының табысының төмендеуі және комиссиялық кірістердің қысқаруына байланысты болды. Дегенмен валюталық операциялар бойынша таза пайда айтарлықтай өсіп, 3,9 млн доллардан 45,8 млн долларға жеткен. Мұндай өсім негізінен қазақстандық теңгенің АҚШ долларына және басқа да шетел валюталарына қарағанда нығаюымен байланысты болды.
Компанияның қаржылық орнықтылығын сипаттайтын тағы бір маңызды көрсеткіш – жиынтық активтер көлемі 12,4 млрд долларға жетті, ал акционерлік капитал 1,4 млрд долларды құрап отыр. Сондай-ақ, операциялық қызметтен түскен таза ақша ағыны 1,7 млрд доллар болды, бұл бизнестің тұрақтылығын тағы бір дәлелдейді.
Freedom Holding клиенттерінің саны да рекордтық көрсеткішке жетіп, жалпы саны 7,2 млн адамға дейін өскен. Әсіресе банктік қызметтерді пайдаланушылар мен Freedom SuperApp қолданушылары айтарлықтай артты. Егер холдингтің экожүйесіндегі серіктестердің клиенттерін қосатын болсақ, клиенттік базаның жалпы көлемі 11 миллионнан асады.
Freedom Holding Corp. үшінші тоқсандағы шығындарын да оңтайландыра алған: жалпы шығыстар өткен жылғы 566,3 млн доллармен салыстырғанда 534,7 млн долларға дейін қысқарды. Мұндай қысқару комиссиялық шығыстар мен сақтандыру төлемдерінің азаюы есебінен мүмкін болды.
Контекст
Осы кезеңде компания «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы әлеуметтік және орнықты даму жобаларына 18,8 млн доллар бөлгенін ерекше атап өту керек. Бұдан бөлек, 2025 жылғы 6 қарашада Қазақстан Үкіметі, OpenAI және Freedom Holding Corp. арасында жасалған стратегиялық келісім компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің тағы бір дәлелі болып отыр. Аталған жоба Қазақстанның 165 мың педагогына арнайы білім беру платформасы – ChatGPT Edu жүйесін пайдалануға мүмкіндік береді.
Жалпы, Freedom Holding Corp. қаржылық көрсеткіштері мен стратегиялық бастамалары арқылы өз позициясын нығайта түсті. Бұл инвесторлар үшін тартымдылықты арттырып, Қазақстан мен Орталық Азия аймағындағы қаржы нарығында компанияның жетекші орнын одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз.
Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов Bloomberg-ке берген сұхбатынының ықшамдалған нұсқасын осы тұстан оқи аласыздар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

