Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында қалыптасып жатқан жаңа цифрлық әдеттің бірі – геолокациямен бөлісу. Олар әлеуметтік желілерде өздерінің қайда жүргенін жиі көрсетіп отырады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшылардың айтуынша, геолокациямен бөлісу әрқашан қауіп төндіреді, әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін. Олардың көпшілігі әлі де цифрлық қауіпсіздік дағдыларын толық меңгермеген, бұл оларды түрлі қауіп-қатерлерге ашық етеді.
Геолокацияны көрсетудің нақты қандай қаупі бар?
Біріншіден, сталкинг, яғни бақылау немесе аңду қаупі. Тіпті жақын «досы» жасөспірімнің қайда, кіммен жүргенін бақылау мақсатында ақпаратты қолдануы мүмкін.
Екіншіден, әлеуметтік инженерия арқылы алдау қаупі артады. Геолокация деректері алаяқтардың сенімге кіруіне көмектеседі. «Синий кит» сияқты қауіпті топтар дәл осы тәсілді қолданғаны белгілі.
Үшіншіден, физикалық қауіп-қатер. Қылмыскер жасөспірімнің жалғыз немесе жиі бір жерде екенін білсе, шабуыл жасау немесе бопсалау қаупі пайда болады.
Төртіншіден, буллинг пен қысым көрсету құралы ретінде пайдалану қаупі бар. «Қайда екеніңді білеміз» деген сөздің өзі жасөспірімдерге қысым көрсету құралына айналуы мүмкін.
Бесіншіден, геолокация арқылы жасөспірімнің толық цифрлық профилі құрылады. Үйі, мектебі, қосымша сабақтары – мұның барлығы белгілі болып, оның бүкіл өмір жолы ашық қалады. Мұндай ақпаратты біліп алған қылмыскерлер пәтер тонау сияқты басқа қылмыстарды жоспарлауы мүмкін.
Жеке досқа, топқа немесе әлеуметтік желіге геолокация жіберудің қаупі бірдей ме?
Бұл жерде айырмашылық үлкен. Геолокацияны жақын досқа жіберу – салыстырмалы түрде ең аз қауіп төндіреді. Бірақ досының аккаунты бұзылып, не телефоны ұрлануы мүмкін.
Топтық чат әлдеқайда қауіпті. Топқа неғұрлым көп адам қосылса, ақпараттың таралу қаупі де артады.
Әлеуметтік желіде геолокацияны ашық жариялау – ең қауіпті нұсқа. Мұнда ақпарат мүлде бақылаудан шығып, кез келген адамның қолына түсуі мүмкін.
Мессенджерлердегі геолокация функциялары қауіпсіз бе?
Сарапшылардың айтуынша, танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің геолокация функциялары толық қауіпсіз емес. Олар техникалық жағынан қорғалғанымен, деректер түрлі сервистермен бөлісіліп, бақылаусыз таралуы ықтимал. Мысалы, 2GIS қосымшасында абайсызда геолокацияны ашсаңыз, қозғалысыңыз тәулік бойы бақылануы мүмкін.
Геолокацияны үшінші адамдар қолдана ала ма?
Иә, геолокацияны үшінші тұлғалар аккаунт бұзылғанда, телефон ұрланғанда, деректер сервистерден тарағанда жасырын түрде қолдана алады.
Қандай цифрлық әдеттер қауіпті?
Әсіресе, профильді ашық қалдыру, әлсіз құпия сөздерді пайдалану, екі факторлы аутентификацияны қоспау, нақты мекенжайларды сақтау, геолокацияны үздіксіз қолдану, сондай-ақ бір парольді бірнеше жерде қолдану – өте қауіпті әдеттер.
Сарапшылар мына ережелерді ұсынады:
Геолокацияны тек қажет кезде қысқа уақытқа қосыңыз.
Деректерді тек жақын адамдарға жіберіңіз.
Әлеуметтік желіде жарияламаңыз.
Аккаунттардың құпиялылық деңгейін тексеріңіз.
Қосымша қауіпсіздік үшін екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







