Кембридж университетінің ғалымдары жаңа зерттеу арқылы адамдардың жұптық өмір салтына адалдығы приматтардан жоғары, бірақ құндыздарға қарағанда төмен деген қызық қорытындыға келді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мамандар бұл тұжырымға жан-жануарлардың және түрлі кезеңдерде өмір сүрген адам топтарының генетикалық деректерін пайдаланып анықтаған. Олар әртүрлі жануарлар мен тарихи қоғамдардағы толық және жартылай туыс бауырлардың үлесін сараптаған.
Зерттеу нәтижесіне сай, жұптық өмірге бейім жануарлар мен қоғамдарда толыққанды туыс бауырлардың үлесі жоғары. Ал көпсерілі некеге немесе тұрақсыз қарым-қатынасқа бейім топтарда жартылай бауырлардың үлесі басым.
Эволюциялық антрополог Марк Дайбл жетекшілік еткен ғылыми топ жануарлар мен адамдардағы жұптық адалдық деңгейін есептеудің жаңа әдісін әзірлеген. Нәтижесінде адамзаттың жұптық өмірге бейімдігі орта есеппен 66 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш құндыздардан (72 пайыз) сәл төмен болса, сурикаттардың көрсеткішінен (60 пайыз) аздап жоғары.
Ғалымдар бұл үш түрді жұптық адалдықтың «премьер-лигасына» жатқызған. Ал тізімнің төменгі сатысында дельфиндер мен шимпанзелер (4 пайыз), сондай-ақ тау гориллалары (6 пайыз) орналасқан.
– Толыққанды бауырлар үлесінің деңгейін бұған дейін де жұптық адалдықты бағалау үшін қолданған зерттеулер бар. Бірақ дәл осы зерттеудің ерекшелігі – адамзат көрсеткішін өзге сүтқоректілермен салыстыру, – дейді Дайбл.
Ол адамзаттың әлемдік аренадағы басымдыққа жетуінің маңызды себептерінің бірі ретінде тұрақты жұптық қарым-қатынастың рөлі ерекше екенін айтады. Дегенмен, зерттеуші жұптық некенің мәдениеттер мен тарихи кезеңдерге қарай өзгеретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл зерттеуде археологиялық орындардан алынған генетикалық мәліметтер мен әлемнің әртүрлі бөлігіндегі 94 қоғамның этнографиялық деректері қолданылған.
«Әдетте антропологтар мұндай әртүрлілікті түсінуге тырысады, бірақ кейде әртүрлі мәдениеттерге жоғарыдан қарап, тұтас түр ретінде өзімізді басқа сүтқоректілермен салыстырудың пайдасы бар», – дейді ғалым.
Зерттеу қорытындысы бойынша, адамдар жұптық адалдық деңгейі жоғары саналатын 11 сүтқоректі түрінің арасында 7-орын алған.
Зерттеуге қатыспаған Ньюкасл университетінің биологы Изабель Смоллегенж бұл нәтижелерді жоғары бағалады. Оның айтуынша, зерттеу адамдардың ең жақын жануар туыстарымен салыстырғанда айтарлықтай моногам екенін анық көрсетті.
– Адамдар құндыздар мен сурикаттармен қатар «премьер-лигада» тұр. Бұл біздегі тұрақты жұптық қарым-қатынас, жақын туыстық байланыс пен мәдени институттардың үйлесімі – жалпы әлеуметтік табыстың негізгі кілті екенін көрсетеді, – дейді Смоллегенж.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







