Австралиялық инженерлер мұнай төгілген жерлерді қауіпсіз әрі тиімді тазалауға арналған шағын робот жасап шығарды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Электрондық дельфин» деп аталған бұл құрылғының өлшемі шамамен спорттық аяқ киіммен шамалас. Робот судың бетінде жиналған мұнайды арнайы сүзгінің көмегімен жинайды. Бұл сүзгі теңіз кірпілерінің табиғи сүзгілеріне ұқсас технологиямен жасалған.
RMIT университетінің зерттеушілері жасаған робот мұхиттар мен өзен жағалауларына төгілген мұнайды жылдам тазалауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Зерттеу нәтижелері Small ғылыми журналында жарияланған. Қазіргі таңда мұнайдың төгілуі дүниежүзіндегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі. Төгілген мұнай теңіз жануарларына зиян келтіріп, жағалау экожүйелерін бұзады және тазалау жұмыстарына миллиардтаған доллар жұмсалады.
Сонымен қатар, мұнай төгілген жерлерді тазалау жұмыстары адамдар үшін қауіпті жағдайлар туғызады. Бұл процесті қауіпсіз ету үшін «Электрондық дельфин» құрылғысы жасалды. Шағын робот қашықтан басқарылады және су бетінде қозғалып, мұнайды сорғы және арнайы сүзгі арқылы жинайды.
Жобаның жетекші зерттеушісі, RMIT инженерлік мектебінің докторы Атаур Рахманның айтуынша, робот шағын болса да, төтенше жағдайларда жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Мұнайдың төгілуі қоршаған ортаға және экономикаға орасан зор шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан біз адамдар бара алмайтын қауіпті жерлерде жылдам әрі дәл әрекет ететін жүйе жасағымыз келді, – дейді Рахман.
Роботтың алдыңғы бөлігінде ерекше сүзгі орналасқан. Бұл сүзгі теңіз кірпісінің тікенегіне ұқсас микроскопиялық құрылымдармен қапталған. Мұндай құрылымдар сүзгінің бетінде ауаның кішігірім көпіршіктерін ұстап тұрады, соның арқасында су ағып кетіп, мұнай сүзгі бетіне жабысып қалады.
Зертханалық сынақтар кезінде робот минутына шамамен екі миллилитр мұнайды жинап, тазалығы 95 пайыздан асатын нәтиже көрсетті.
Жобаның идеясы зерттеушілердің біріне жеке маңызға ие. Зерттеу жұмысына қатысқан докторант Сурья Канта Гадей өзінің балалық шағындағы естеліктері осы технологиямен айналысуына түрткі болғанын айтты.
– Үндістанда өскен кезімде, мұнайдың теңіздегі жануарларға, әсіресе теңіз тасбақаларына қалай зиян келтіретінін өз көзіммен көрдім. Сондықтан докторантураны бастағанда, табиғатты қорғауға көмектесетін технология жасағым келді, – дейді Гадей.
Контекст
Қазіргі прототип батареядан шамамен 15 минут жұмыс істейді. Зерттеушілер үлкен роботтар жасап, олардың мұнай төгілген жерлерге барып, мұнайды жинауды көздеп отыр. азалық станцияға қайта оралып, резервуарларын босатып, қуатталып қайта жұмыс істейтін болады.
Қазір зерттеу тобы роботтың сүзгі көлемін ұлғайтып, қуатты сорғылар орнату арқылы жүйені жетілдіру жолдарын қарастыруда. Сонымен қатар, роботты нақты жағдайларда сынап көру жоспарланып отыр.
Ақырында, зерттеушілер осы технологияны одан әрі дамытып, практикалық қолданысқа енгізу үшін сала мамандарымен бірлесе жұмыс істемек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







