Кеміргіштердің бір ерекшелігі олардың үнемі бірдеңені кеміріп жүруі. Бұл жай әдет емес, олардың тіршілігі үшін қажет биологиялық процесс, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғалымдардың айтуынша, кеміргіштердің алдыңғы тістері, яғни, күрек тістері өмір бойы өсіп отырады. Егер олар қатты заттарды кеміріп, тістерін үнемі қажамаса, тістер шамадан тыс ұзарып, жануар тамақтана алмай қалуы мүмкін. Сондықтан тышқан, егеуқұйрық, тиін, құндыз сияқты жануарлар үшін кеміру өмір сүрудің негізгі шарты.
Бұған дейін биологтар бұл әрекетті жай рефлекс деп есептеген. Яғни, кеміру ағзаның автоматты реакциясы деп қарастырылған. Алайда жаңа зерттеулер бұл процестің әлдеқайда күрделі екенін көрсетті.
Мичиган университетінің ғалымдары зерттеу барысында кейбір зертханалық тышқандардың тістері шамадан тыс өсіп кеткенін байқайды. Қызығы, оларда тісті қажауға барлық жағдай болғанымен, кейбірі мүлде кемірмеген. Осы жағдай ғалымдарды мәселенің тек физиологияда емес, жүйке жүйесінде екенін зерттеуге итермеледі.
Зерттеу барысында кеміргіштердің күрек тістерімен байланысты жүйке жүйесінде екі негізгі механизм бар екені анықталды. Біріншісі – тістің орналасуы мен дұрыс тістесуін бақыласа, екіншісі – мидағы «қанағаттану жүйесімен» байланысты.
Бұл жүйе дофамин деп аталатын нейромедиатор арқылы жұмыс істейді. Яғни кеміргіш бірдеңені кемірген кезде тек қажеттілігін өтеп қана қоймай, одан ләззат алады. Басқаша айтқанда, олар үшін кеміру пайдалы ғана емес, жағымды әрекет.
Ғалымдар арнайы тәжірибе арқылы осы «ләззат жүйесіне» жауап беретін нейрондарды уақытша өшіріп көрген. Нәтижесінде тышқандар кеміруге деген қызығушылығын жоғалтқан. Соның салдарынан олардың тістері қалыптан тыс ұзарып кеткен. Бұл зерттеу кеміргіштердің мінез-құлқы тек инстинктпен емес, мидағы күрделі механизмдермен реттелетінін дәлелдейді.
Мамандардың пікірінше, мұндай жүйе басқа жануарларда да болуы мүмкін. Мысалы, иттердің ойыншықты қайта-қайта тістелеуі немесе адамның сағыз шайнауы, тырнағын кеміруі де осыған ұқсас механизммен байланысты болуы ықтимал.
Дегенмен, адамдағы мұндай әрекеттер әлдеқайда күрделі психологиялық факторларға тәуелді. Сондықтан оларды тек биологиялық тұрғыда ғана түсіндіру жеткіліксіз. Қарапайым көрінетін кеміру әрекетінің артында осындай күрделі жүйе жатқанын ғылым енді ғана толық түсіне бастады.
Балықты «миға пайдалы тағам» деп бекер айтпайды. Оның құрамында ағзаға аса қажет Омега-3 май қышқылдары бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







