Жердің айналу жылдамдығы соңғы онжылдықтарда ерекше қарқынмен баяулауда. Мұндай өзгеріс соңғы миллиондаған жылдарда өте сирек кездескен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл өзгеріске адам әрекетінен туындаған климаттың жылынуы себеп болып отыр.
Күнделікті өмірде Жердің айналуының баяулағаны байқалмайды: қазір бір тәулік шамамен әрбір жүз жыл сайын 1,33 миллисекундқа ұзарып отыр. Дегенмен, ғалымдар тәулік ұзақтығының аздаған өзгерісі уақытты дәл өлшеуге және ғарыштық навигация жүйелеріне әсер етуі мүмкін екенін айтады. Себебі олардың барлығы Жердің айналу жылдамдығына тікелей байланысты.
Жер өз осінен бір тәулікте бір рет айналатынын мектеп қабырғасынан білеміз. Бірақ нақты қарағанда, тәулік ұзақтығы Айдың тартылыс күші мен Жер ішіндегі геофизикалық процестерге, беткі қабаттағы және атмосферадағы өзгерістерге байланысты үнемі құбылып тұрады.
Вена университетінің ғалымы Мостафа Киани Шахванди мен Цюрих технологиялық институтының зерттеушісі Бенедикт Соя өздерінің бұрынғы жұмыстарында полярлық аймақтардағы мұздықтардың тез еруі теңіз деңгейінің көтерілуіне әкеліп соғатынын анықтаған. Мұндай өзгеріс Жердің айналуын баяулатуға себеп болады. Бұл құбылыс мәнерлеп сырғанаушының айналып тұрған кезде қолын жайып жібергендегі баяулауына ұқсас келеді, деп түсіндіреді Киани Шахванди.
Ғалымдар климаттың тәулік ұзақтығын бұған дейін де айтарлықтай өзгерткен кезеңдері болған ба деген сұраққа жауап іздеді. Олар мұхиттардағы қазбалардың химиялық құрамын зерттеп, теңіз деңгейінің бұрынғы өзгерістерін анықтады. Одан кейін математикалық модельдердің көмегімен Жердің бұрынғы айналу жылдамдығын есептеп шықты.
Нәтижесінде ғалымдар соңғы 3,6 миллион жылда Жердің айналу жылдамдығы бірнеше рет өзгергенін, алайда қазіргі кездегі қарқынға тек шамамен 2 миллион жыл бұрын ғана жеткенін анықтады. Бенедикт Сояның айтуынша, соңғы 20 жылдағы тәулік ұзақтығының артуына бірінші кезекте адам әсерінен туындаған климаттық өзгерістер себеп болып отыр.
Қытайдағы Бейжің университетінің ғалымдары ақпаратты электр тогының орнына жарық арқылы өңдейтін жаңа «толық оптикалық» чип жасап шығарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







