Астрономдар ғаламдағы ең ірі әрі жарық жұлдыздардың өмірі туралы жаңа мәліметтерге қол жеткізді. Мұндай алып жұлдыздар рок-жұлдыздар секілді жарқырап туады, қысқа әрі ғаламат өмір сүріп, ерте сөнеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеушілердің айтуынша, Үлкен Магеллан бұлтында орналасқан WOH G64 атты алып жұлдыздың тағдыры танымал рок-музыкант Джими Хендрикстің өмірін еске түсіреді. Бұл жұлдыздың массасы Күн массасынан 28 есе үлкен, ал диаметрі Күннен 1500 есе үлкен. Егер ол Күннің орнында болса, беткі қабаты Юпитер мен Сатурн орбиталарының арасына дейін созылған болар еді.
Ғалымдардың соңғы 30 жылдық бақылауы көрсеткендей, WOH G64 ерекше жұлдыз. 2014 жылы ол қызыл түстен сары түске өзгеріп, беткі қабатының температурасы күрт артқан. Бұрын қызыл аса алып жұлдыз ретінде тіркелген бұл нысан қазір сары гипергигант санатына ауысқан.
– Әдетте, жұлдыздың эволюциясы миллиардтаған жылдарға созылады. Адамзат оны байқауға ғұмыры жетпейді. Ал WOH G64 өзгерісі өте қысқа уақытта, әрі жарылыссыз, тыныш жағдайда орын алған. Бұл біз білетін ешбір теорияға сай келмейді, – дейді Афина Ұлттық обсерваториясының астрономы Гонсало Муньос-Санчес.
Зерттеушінің айтуынша, ғалымдар бұл құбылыстың себебін толық түсіндіре алмауда. Болжам бойынша, жұлдыз соңғы кезеңінде өте тұрақсыз болып, қызыл түске боялу алдында қысқа әрі күрделі кезеңді өткерген. Кейін қайтадан қалыпты сары түсіне оралған болуы мүмкін. Сондай-ақ жұлдыздың ерекше өзгерісіне оның жанындағы серігімен гравитациялық байланысы да әсер еткен болуы ықтимал.
WOH G64 жұмбағы қашан шешіледі?
– WOH G64 жұлдызының болашақ тағдыры ғылым үшін өте маңызды. Өйткені, массасы Күннен 8-23 есе үлкен жұлдыздар әдетте қызыл алыпқа айналып, кейін аса жаңа жұлдыз ретінде жарылып кетеді. Ал массасы 23-30 күн массасындай жұлдыздар аса жаңа жұлдыз ретінде жарылуы да, бірден қара құрдымға айналуы да мүмкін. Қазір бұл сұрақтың жауабы анық емес. WOH G64 осы жұмбақтың шешімін табуға көмектеседі, – дейді Муньос-Санчес.
Бұл жұлдыздың жасы шамамен 10 миллион жыл, ал Күннің жасы – 4,5 миллиард жыл. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл өте жас, бірақ аса ірі жұлдыз үшін өмірінің соңғы кезеңі саналады. Ғалымдар бұл жұлдыз Жерден 160 мың жарық жылы қашықтықта орналасқанын айтады.
– WOH G64 жұлдызы мен оның серігін зерттеу ғалымдардың алып жұлдыздардың өмірі мен өлімі туралы көзқарасын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Массасы өте үлкен жұлдыздар немесе аса жаңа жұлдыз ретінде жарылып кетеді, немесе бірден қара құрдымға айналады. WOH G64 тағдыры осы екі сценарийдің біреуін анықтауға көмектеседі, – деп түйіндеді астроном.
Айтқандай көптеген жұлдыздардың ғұмыры алапат жарылыспен аяқталып, олардың қалдықтары түрлі-түсті, пішіні ретсіз бұлт секілді ғарыш кеңістігіне шашырайды. Алайда Pa 30 атауына ие болған ғарыштық нысанның көрінісі мүлде басқаша екенін тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







