«Ғылым ордасы» РМК мен Astana Hub технопаркінің филиалы Alatau Hub өңірлік инновациялық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Стратегиялық шешім Алматы өңіріндегі инновациялық экожүйені дамытып, ғылыми ресурстар мен IT-индустрия мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған.
Меморандум аясында ғылыми және мәдени мұраны дамытады. Орталық ғылыми кітапхана қорын цифрландыру, цифрлық музей экспозицияларын дайындау да көзделген. Ең бастысы виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR/AR) жобаларын іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар екі ұйым «Ғылым + IT» бағытында бірлескен білім беру курстарын әзірлеп, жас ғалымдар мен IT-мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұйымдастырады.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты ғылым мен IT саласындағы ресурстарды біріктіру арқылы өңірдегі инновациялық ортаны дамыту, жас ғалымдар мен мамандарға заманауи білім беру алаңын қалыптастыру, өңірлік ғылыми-технологиялық қауымдастықтың әлеуетін нығайту.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Осы тұрғыда «Ғылым ордасы» мен Alatau Hub арасында басталған әріптестік ұлттық мұрамызды цифрлық дәуірге лайықтап, инновациялық білім берудің ауқымын кеңейтеді. Бұл қадам Алматы өңірінің инновациялық ортасын нығайтып, ғылым мен IT-индустрияның тиімді ықпалдасуына ерекше серпін береді, – деді «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов.
Тараптар цифрлық технологиялар, білім беру және инновациялар саласында тығыз әріптестік орнатып, Алматы өңірінде ғылым мен технология интеграциясына жаңа серпін беруге ниетті.
Тілшілеріміз Орталық ғылыми кітапхананың бүгінгі тынысы жайында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Мұқажанов Ұлар Оразғалиұлымен сұхбаттасқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







