Шығыс Қазақстан облысында Ғылым қызметкерлері күніне арналған ғылыми кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту, инновацияларды өндіріске енгізу және цифрландыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, облыстың ғылым саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар ғалым марапатталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғылыми кеңес барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ғылымды нақты экономикамен байланыстырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде металлургия, медицина, цифрлық технологиялар және агроөнеркәсіптік кешен сияқты негізгі салалар айқындалып, бұл бағыттарда ғылым мен өндірістің байланысын нығайту көзделіп отыр.
– Бүгінде өңірде жас ғалымдарды қолдау үшін барлық жағдай жасалуда. Олардың зерттеулерін тұрақты жүргізіп, нәтижелерін өндіріске енгізу – басты міндет. Бұл жұмыстар ғылымның дамуына серпін беріп, ел экономикасын нығайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, жас ғалымдардың жаңа идеялары мен инновациялық жобаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда қазіргі уақытта 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Оларда 27 мыңнан астам ғалым қызмет етсе, олардың көпшілігі – жас мамандар.
Жиында жас ғалым Алмасбек Мәуліт агроөнеркәсіптік кешен саласындағы цифрлық порталын таныстырды. Бұл порталға жасанды интеллект элементтері енгізіліп, ауыл шаруашылығы мамандарына өнімділікті арттыруға және тиімді шешімдер қабылдауға көмектеседі.
– Біздің портал ауыл шаруашылығындағы деректерді талдап, жұмыстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба қазіргі таңда облыстағы тәжірибелік станцияда қолданысқа енгізілуде. Алдағы уақытта жобаны ресми түрде кеңінен пайдалануға енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Алмасбек Мәуліт.

Жалпы, бүгінгі таңда облыстағы өндіріс орындары, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнаған. Бұл өз кезегінде жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, ғылыми зерттеулердің нақты нәтижеге айналуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ғылыми кеңес отырысында облыстың ғылыми әлеуетін арттыруға қосқан үлестері үшін бірнеше ғалым марапатталды. Өңір басшысы ғылым саласындағы барлық мамандарға алғысын білдіріп, олардың жұмысына табыс тіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







