Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасы қазақ ғылымының қалыптасу тарихы мен бүгінгі дамуын жалғап тұрған бірегей ғылыми мекеме.
Ғасырлар қойнауынан жеткен қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтап қана қоймай, оларды заманауи ғылыми айналымға жүйелі түрде енгізіп отырған бұл қара шаңырақ бүгінде халықаралық ғылыми кеңістікпен тығыз ықпалдасып келеді. Осы орайда Орталық ғылыми кітапхананың бүгінгі тынысы, қол жеткізген жетістіктері мен алдағы даму бағыттары жөнінде «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Мұқажанов Ұлар Оразғалиұлымен сұхбаттасқан едік.
– Ұлар мырза, Орталық ғылыми кітапхананы еліміздің ғылыми кеңістігіндегі ерекше мекеме деп айтуға толық негіз бар. Оның бүгінгі рөлі қандай?
– Орталық ғылыми кітапхана – қазақ ғылымының іргесі қаланған қара шаңырақта орналасқан, 1932 жылы құрылған, Қазақстандағы ең ірі ғылыми кітапханалардың бірі әрі ұлттық ғылымның тарихи жады сақталған бірегей орталық. Ол «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесі ретінде отандық ғылымның қалыптасуы мен дамуына үздіксіз қызмет етіп келеді.
Басты миссиямыз – ғылыми мұраны сақтау, жүйелеу және оны бүгінгі әрі келер ұрпақ зерттеушілеріне қолжетімді ету. Осы мақсатта мамандарымыз сирек қолжазбалар мен кітап қорларын реставрациялап, ғылыми каталогтап, цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай тәжірибелерді енгізу бағытында да белсенді жұмыс істейді.
– Орталық ғылыми кітапхананың бүгінгі қоры қандай деңгейге жетті? Нақты деректермен бөліссеңіз. (Ұлттық ғылымның алтын қорына айналған кітапхана бүгінде қандай қазынаға ие? )
– Бүгінде кітапханамыздың қоры 5, 8 миллионнан астам бірлікті құрайды. Оның ішінде 4 миллионға жуық негізгі ғылыми әдебиет, 20 мыңнан аса қолжазба және 91 мың сирек кітап бар. Сонымен қатар 100-ден астам тілде жарық көрген 850 мыңнан астам шетел әдебиеті мен 900 мыңға жуық шетелдік ғылыми басылым сақталған. Газет-журналдар қоры 1924 жылдан бері үздіксіз жинақталып келеді.
Қор құрамында көне түркі, араб, парсы, түрік, шағатай тілдеріндегі, сондай-ақ араб және латын қарпімен жазылған қазақ тіліндегі бірегей басылымдар бар. Олардың қатарында XVIII ғасырдағы Құран Кәрім, 1819 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Ахбар Шыңғысхан уә Ақсақ Темір», 1841 жылы Парижде басылған «Құлиат пен Науаи» секілді аса құнды мұралар сақтаулы. Мұның барлығы Орталық ғылыми кітапхананы Қазақстан ғылымының ғана емес, әлемдік ғылыми ойдың да маңызды орталықтарының біріне айналдырып отыр.

– Сирек қордағы мұралардың маңызы туралы не айтасыз?
– Орталық ғылыми кітапхана сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бойынша еліміздегі жетекші орталықтардың бірі. Соның айқын дәлелі – XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілуі. Бұл – қазақ халқының тарихи санасы мен рухани сабақтастығын айқындайтын аса құнды мұра. Біз мұндай жәдігерлерді сақтау, реставрациялау және ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын халықаралық стандарттарға сай жүргізіп келеміз.
– 2025 жыл кітапхана үшін қандай нәтижелермен есте қалды?
– Былтырғы жыл ұжымымыз үшін мазмұнды әрі нәтижелі болды. Қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 3 710-ден астам толықмәтінді электрондық құжат әзірленді. Оқырмандарға 31 мыңнан астам басылым ұсынылды. Қор 700 жаңа басылыммен толықты. Сонымен қатар қорларды сақтау, ғылыми өңдеу және электрондық каталогты жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылды.
– Кітапхана қызметін цифрландыру қаншалықты қарқынды жүріп жатыр?
– Цифрландыру – қазіргі кітапхана дамуының негізгі бағыты. Электрондық каталогты толықтыру, қашықтан қызмет көрсету, электронды құжат жеткізу жүйесі арқылы пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасалуда. Сирек қолжазбалар мен құнды басылымдарды цифрландыру бойынша отандық және шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар жүзеге асырылып келеді.
– Кітапхананың халықаралық байланыстары қалай дамып келеді? 2025 жылы қандай ірі жобалар мен бастамалар қолға алынды?
– Өте орынды сұрақ. 2025 жылы Түркия, Иран, Франция, АҚШ, Молдова және Катар елдерінің ғылыми және мәдени мекемелерімен байланысымыз айтарлықтай нығайды. Сол жылы түрік, парсы және ағылшын тілдері курстары ұйымдастырылып, халықаралық ғылыми кездесулер өткізілді. Сонымен қатар, АҚШ Елшілігі сыйға тартқан ғылыми әдебиеттер алдағы уақытта «American Book Corner» жобасының негізін қалайды.
2025 жылғы қыркүйекте Алматыдағы Түркия Республикасы Бас консулдығы ұйымдастырған шарада Юксел Өзген Орталық ғылыми кітапхана қорына ғылыми-танымдық маңызы зор 1000-нан астам кітапты сыйға тартты. Бұл еңбектер түркі халықтарының тарихы, мәдениеті мен өркениетіне қатысты маңызды деректерді қамтиды. Мұның бәрі кітапхананың халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдасуына жаңа серпін берді.
– Кітапхана мәдени-ағартушылық орталық ретінде де белсенді көрініп жүр. Осы бағыттағы бастамалар туралы айтып берсеңіз.
– Иә, өткен жылы Орталық ғылыми кітапхана 60-тан астам тақырыптық, виртуалды және көшпелі көрме, сондай-ақ ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізді. Бұл шаралар ұлы тұлғалардың мерейтойларына, тарихи оқиғаларға, ғылым мен мәдениеттің өзекті мәселелеріне арналды. Осындай бастамалар кітапхананың қоғаммен байланысын күшейтіп, ғылымды кең аудиторияға жақындата түсті. Сонымен қатар, бұл шаралар арқылы ғылыми бағыттағы жұмыстарды насихаттау мен ұлттық ғылыми мұраны кеңінен таныту мүмкіндігі де артты.
– Ақпараттық кеңістіктен байқап отырғанымыздай, соңғы жылдары халықаралық тәжірибе алмасу бағыты айтарлықтай күшейді. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, соңғы жылдары халықаралық тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстарымыз жанданды. BR28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» ғылыми жобасы аясында «Ғылым ордасы» өкілдері Түркия Республикасында халықаралық тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама Анкара қаласындағы T. C. Cumhurbaşkanlığı Millet Kütüphanesi, сондай-ақ Ыстанбұлдағы Rami Kütüphanesi мен Süleymaniye Kütüphanesi базаларында ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында мамандарымыз қолжазбалар мен сирек қорлармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгеріп, жетекші архивтік-кітапханалық мекемелермен кәсіби тәжірибе алмасты. Бұл ұлттық қолжазба мұрасын сақтау мен оны ғылыми айналымға енгізу ісіне жаңа серпін берді.

– Тағылымдама аясында қандай нақты нәтижелер болды?
– Бұл тағылымдама нақты практикалық нәтижелерімен ерекшеленді. Түркиядағы, нақтырақ айтқанда Анкара қаласындағы кітапханаларда қорды басқару мен каталогтау үдерісі MARC 21 халықаралық стандартына негізделіп, әр мекеменің өз жұмыс ерекшелігіне бейімделген ішкі автоматтандырылған бағдарламалар арқылы жүзеге асырылатынына көз жеткіздік. Яғни негізгі құрылым мен логика – MARC 21, ал интерфейс пен жекелеген модульдер кітапхананың нақты қажеттілігіне қарай икемделген.
Осы тәжірибеге сүйене отырып, Орталық ғылыми кітапханада MARC 21 стандартына толық сәйкестікті сақтай отырып, қолданыстағы MegaPro жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту, оны authority control, импорт-экспорт, көптілді сипаттама және API секілді интеграцияға ашық модульдермен толықтыру ұсынылды. Сонымен қатар деректер сапасын тұрақтандыру мақсатында библиографиялық жазбаларды толтырудың бірыңғай ішкі саясатын бекіту және қызметкерлерге MARC 21 бойынша жүйелі практикалық оқыту енгізу қажеттігі айқындалды.
Ал Ыстанбұл қаласындағы Rami Kütüphanesi базасында ресми ресурстарда қолданылатын автоматтандырылған жүйе атауы ашық көрсетілмегенімен, іссапар барысында олардың ішкі бағдарламасында MARC 21 қағидаттарына сай библиографиялық сипаттама жасау және жазбаларды валидациялау бойынша толыққанды практикалық жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде көптілді каталогтау, деректер сапасын бақылау және библиографиялық жазбалардың халықаралық талаптарға сай болуы бағытындағы практикалық дағдыларымыз айтарлықтай нығайды.
Жалпы алғанда, бұл тағылымдама Орталық ғылыми кітапхананың каталогтау жүйесін жетілдіруге, халықаралық стандарттарды тереңірек енгізуге және қорды басқару сапасын жаңа деңгейге көтеруге нақты мүмкіндік берді.
– Қазақ ғылымы мен әдебиетін шетелде таныту бағытында қандай жаңа жобалар қолға алынды?
– Ыстанбұл қаласындағы Rami Kütüphanesi базасында алғаш рет «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышы» ашылды. Бұл бастама Ғылым ордасының бастамасымен және Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асырылды.
Бастама аясында қазақстандық тараптан 250 дана кітап сыйға тартылып, жаңа бұрышқа Орталық ғылыми кітапхана, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұсынған қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті мен ғылымына арналған таңдаулы басылымдар қойылды. Бұл бастама қазақ ғылымы мен әдебиетін халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытудың маңызды қадамына айналды.
– Алдағы басты мақсаттарыңыз қандай?
– Алдағы кезеңде біздің басты міндет – сирек қорларды сақтау мен цифрландыруды күшейту, халықаралық ғылыми жобаларды кеңейту және Орталық ғылыми кітапхананы заманауи ғылыми-ақпараттық орталық ретінде дамыту. Ұлттық ғылымның алтын қорын сақтаушы Орталық ғылыми кітапхана өз миссиясын одан әрі жалғастыра отырып, ғылыми әлеуетті нығайтуға және келер ұрпақ зерттеушілеріне қолжетімділікті арттыруға ерекше мән береді. Осылайша, Орталық ғылыми кітапхана – ұлттық ғылымның тарихи жадысы мен заманауи білім кеңістігін тоғыстыратын, ғылыми ізденіс пен мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізетін басты орталық болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

