Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым қызметкерлері күні қарсаңында бірқатар жас ғалымға елордадан жаңа пәтер кілттерін табыстады. Бұл шара елімізде ғылымды дамытуға және зерттеушілерге әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жүйелі саясаттың жалғасы болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Пәтер иегерлерінің қатарында Қазақстанның ғылымдағы әлеуетін арттырып жүрген жас әрі талантты мамандар бар.
Ядролық физика институтының ғалымы, физик Әлішер Мүтәлі – ядролық энергетика үшін қажетті материалдардың радиациялық төзімділігін зерттеуге маманданған жас маман. Ол 20-дан астам халықаралық мақала жариялап, бірнеше мәрте халықаралық грант иегері атанған. Оның зерттеулері болашақ энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады.
Тарих ғылымдарының өкілі Ақмарал Бейсембаева сегіз жылдық ғылыми қызметінде саяси қуғын-сүргін мәселелерін терең зерттеп, 60-тан астам ғылыми еңбектің авторы атанған. Оның еңбектері іргелі зерттеулер қатарынан көрініп, жас ғалымның отандық тарих ғылымына қосқан үлесін көрсетеді.
Химия ғылымында жаңа инновацияларды енгізіп жүрген Индира Мүсілімованың зерттеулері су тазарту мен мембраналық технологияларды дамытуға арналған. Оның жетекшілігімен жүзеге асып жатқан жобалар экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған.
«Қуанышымда шек жоқ. Жаңа пәтерге ие болдық. Жас ғалымдарға осындай қолдау көрсетіп жатқан Мемлекет басшысына үлкен алғысымызды білдіреміз», – деді Индира Мүсілімова.
Медицина ғылымдарының өкілі Медет Төлеубаев 16 жылдан бері диабеттік табан мәселелерін зерттеп, осы бағыттағы медициналық білім мен тәжірибені жетілдіруге үлес қосып келеді. Ол көптеген кәсіби марапаттардың иегері.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының маманы Рахия Елназарқызы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өсімдік шаруашылығының заманауи технологияларын енгізумен айналысады.
«Ғылым жолында жүргеніме 12 жыл болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына ғылымға жасаған қолдауы үшін үлкен алғыс айтамын. Бұл – үлкен мәртебе», – деді Рахия Елназарқызы.
Жаңа пәтерге қол жеткізген жас ғалымдардың қатарында Эльмира Базылханова да бар. Ол бұл қуанышты оқиға туралы былай деді:
«Жаңа Конституция қабылданған тарихи кезеңде, Президенттің қолынан пәтер кілтін алу – күтпеген үлкен сый болды. Қуанышымызда шек жоқ, шексіз ризамыз».
Айта кетейік, өткен жылы 271 жас ғалым баспаналы болған. Бұған қоса, ғылыми сыйлықтар, халықаралық тағылымдамаларға гранттар тағайындалып, ғылыми дәрежелер үшін қосымша төлемдер енгізілді. Сондай-ақ, бизнес өкілдерін ғылымға инвестиция құюға ынталандыратын салықтық жеңілдіктер де қарастырылды.
Мемлекеттің бұл бастамалары ғылымға инвестиция салудың ұзақ мерзімді стратегиясын көрсетеді. Әлеуметтік қолдау шаралары жас ғалымдарды ынталандырып, елдің тұрақты ғылыми дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







