Дөкең, Доналд Трамптың Гренландия үшін Еуроодаққа жаңа санкция енгізу туралы күтпеген мәлімдемесі алтын мен күмістің бағасын аспандатып жіберді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Инвесторлар жаппай сенімді активтерге көшіп, алтынның бір унциясы (31,1 грамм) тарихта болмаған рекордтық деңгей 4689,39 долларға дейін шарықтады. Ұлттық банктің бүгінгі бағамымен есептегенде, бұл 2 млн 401 мың 718 теңгеге тең.
Күннің соңына қарай алтын бағасы 4666,65 доллар (2 млн 390 мың 71 теңге) көлемінде тұрақтады. АҚШ-та алтын фьючерстері де рекорд орнатып, унциясы 4671,40 долларды құрады.
Күміс те баға бәйгесінен қалыспады. Оның бір унциясының құны 93,50 долларға (47 мың 887 теңге) жетсе, ең жоғары көрсеткіші 94,08 доллар (48 мың 184 теңге) деңгейіне дейін көтерілді.
Қымбат металдардың ішіндегі платина мен палладийдің де құны артты. Платинаның бағасы бір унциясына 2353,25 доллар (1 млн 205 мың 241 теңге) болса, палладий 1804,06 долларға (923 мың 967 теңге) бағаланды.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылардың айтуынша, алтынның мұнша қымбаттауына АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деген болжамдар әсер етуде. Қаңтар соңында өтетін жиында еш өзгеріс болмағанымен, жыл ішінде мөлшерлеме төмендейді деген инвесторлардың үміті басым.
Былтырғы жылы алтын бағасы 64%-дан астам өскен еді. Ал күміс 30%-дан жоғары қымбаттады.
Дегенмен, ірі қаржы институттары қазір алтынды анағұрлым сенімді әрі қауіпсіз актив деп санайды.
Айта кетелік, бұған дейін Трамптың қоқан-лоқысынан қажыған Гренландия халқы жаппай алаңға шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

