Журналист Гүлжан Ерғалиева Алматы қаласы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Мақсат Дүйсенов Германияда тұтқыннан босатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қожамжаровтың оң қолы болған Мақсат Дүйсенов Қазақстан билігінің сұрауы бойынша ауыр қылмыстарға қатысты айып тағылып, экстрадицияны күтіп абақтыда отырған еді. Алайда неміс билігі күтпеген жерден оны бостандыққа шығарып жіберген.
Бұл шешімді Ресейден шыққан әлдебір «құқық қорғаушы ұйым» өзінше түсіндіргені мәлім болды.
– Олардың пікірінше, біз, қазақстандық журналистер, Дүйсеновке қатысты ақпараттық қысымды тым күшейтіп жіберіппіз. Тіпті олар бұл жағдайға «Елмедиа» арнасын мысалға келтірген. Яғни, Еуропада бұлай БАҚ арқылы адамға қысым жасау күдік туғызып, сот оның кінәсіне күмәнмен қараған екен-мыс, – дейді Гүлжан Ерғалиева.
Ерғаливаның айтуынша, бұл барып тұрған абсурд. Өйткені Дүйсеновке тағылған айыптар ауыр әрі нақты дәлелдерге негізделген.
– Шынымен, неміс билігі қалайша Дүйсеновке қатысты дәлелдерден оның қылмыскер екенін байқамады? Оның кедендегі 22 миллион доллар көлеміндегі парасы, адамдарды азаптауы және жалған айып тағуы аз ба еді? – дейді журналист.
Гүлжан Ерғалиева бұл шешім Қазақстанның халықаралық беделіне қатысты да бірнеше маңызды сұрақ туғызатынын айтады:
– Назарбаев режимінің жемқорлық істері қалдырған қара дақ әлі күнге дейін Еуропада Қазақстанға деген сенімсіздікті туғызып отыр ма? Мүмкін сол себепті олар бізге өзіміздің қылмыскерлерімізді бермей отырған шығар? – деп сауал қояды ол.
Бұл жағдай журналистке 2012 жылғы Австрия сотындағы жағдайды еске түсірген. Ол кезде «Нұрбанк» банкирлерін өлтірген Әлиевтің сыбайластары Мұсаев пен Кошляк Австрияда сот залынан босап кеткен еді. Гүлжан Ерғалиеваның ойынша, ол кезде Назарбаев өзіне тиетін зардапты болдырмау үшін осындай келісімге барған.
– Бұл жолы да сол сценарий қайталанған секілді. Өйткені Дүйсенов Қазақстанға экстрадицияланса, оның бастығы Қожамжаров Ресейде тұтқындалуы мүмкін еді. Ал Қожамжаров Назарбаевтың ең құпия істерінің куәгері екені белгілі. Сондықтан Дүйсенов арқылы Назарбаев Кремльмен келісе отырып, ізін тазалап жатыр, – дейді Гүлжан Ерғалиева.
Ол сонымен қатар Қазақстан билігінің халықаралық беделінің төмендігі де осындай жағдайларға себеп болып отыр деген пікірде.
– Бірақ ең сорақысы осы жағдайда кінәні бізге, журналистерге артып қойғаны. Біз Дүйсенов пен Қожамжаров бастаған жемқор топтың қылмыстары туралы 2011 жылдан бері үзбей жазып келеміз. Сол үшін екі рет сотқа тартылып, жобаларымыз жабылған. Алайда біз ешқашан бұл күрестен бас тартпаймыз, – дейді Ерғалиева.
Оның пікірінше, мұндай қылмыстардың мерзімі жоқ, ал Дүйсенов пен Қожамжаров сынды ауыр қылмыскерлердің өзге елдердің астаналарында емін-еркін жүруі – ақылға сыймайтын жағдай.
Танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресей аумағына кіруге жарты ғасырлық тыйым салынды. Кремль билігі бұған әзілкештің соғысқа қатысты сыны мен қаржылық заңмананы бұзуын себеп қылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

