InDrive сервисінің курьері клиент қызға қол тигізген жанжалдан кейін Яндекс компаниясы курьерлердің тәртіп ережесін түбегейлі өзгертті деп хабарлайды Ertenmedia.kz Orda-ға сілтеме жасап.
Компанияның ішкі ережесінде «Клиенттердің жеке шекарасын сақтау» атты бөлімде енді клиент әйелдерге қол тигізуге тікелей тыйым салынды. «Клиент қыз-келіншектердің кеудесіне қол тигізуге болмайды» деген нақты әрі қатаң тұжырым енгізілген.

Сонымен бірге, курьерлерге клиенттермен танысуға, үйлеріне кіруге, шайпұл сұрауға, жеткізілімнен кейін мазалауға және клиенттердің телефон нөмірлерін өзге адамдарға таратуға немесе мақсатсыз пайдалануға да тыйым салынады.
Осы арқылы компания қызметкерлерінің клиенттерге қатысты кез келген жағымсыз әрі мазасыз әрекеттеріне жол берілмейтінін ашық жария етті.
Еске сала кетейік, бұған дейін InDrive сервисінің курьері клиент қызға қол жүгіртіп, қоғамдық резонанс тудырған еді.
«Үйге кіре сала, ол кенеттен халатымнан ұстап тартып ашты. Сол сәтте кеудемнен ұстап, бетіме жымия қарап, «Әдемі екен» деді. Бір сәтте жүрегім тоқтап қалғандай болды. Екі қолым еріксіз дірілдеп, не айқайлай алмай, не қаша алмай, орнымда қатып қалдым», – деп жазған болатын бойжеткен парақшасында.
Нәтижесінде курьер жеті тәулікке қамалған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







