Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи желтоқсан айының соңында басталған наразылық шерулеріне қатысты алғаш рет мәлімдеме жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
86 жастағы Хаменеи 3 қаңтарда мемлекеттік телеарна арқылы сөйлеген сөзінде елдегі қаржы нарығындағы күрделі ахуалдың ушығуына байланысты көшедегі саудагерлердің алаңдаушылығын орынды деп бағалады. Айта кетейік, Иранда жаппай шерулердің басталуына ұлттық валютаның құнсыздануы себеп болған еді.
Дегенмен, аятолланың сөзінше, экономикалық жағдайды саясиландырып, ел ішіне іріткі салуға бағытталған әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
– Біз наразы азаматтармен ашық диалог орнатуымыз керек. Шенеуніктердің міндеті осы. Бірақ тәртіп бұзушылармен сөйлесудің еш пайдасы жоқ. Қоғам тыныштығын бұзғандар қатаң жазалануы тиіс, – деді Хаменеи.
Иранның жоғарғы көсемі наразылық толқынының артында сыртқы күштер АҚШ пен Израиль тұр деп санайды.
Хаменеидің пікірінше, ұлттық валютаның әлсіреуіне де «сыртқы дұшпандар» кінәлі.
– Саудагерлер мен қарапайым сатушылардың артына жасырынған арандатушылар исламға, Иранға және Ислам Республикасына қарсы ұрандар көтеріп, ел тыныштығын бұзуда, – деп мәлімдеді ол.
Аятолланың бұл сөздері АҚШ президенті Дональд Трамптың Ирандағы жағдайға қатысты ескертуінен кейін айтылып отыр. Трамп бұған дейін «егер Тегеран билігі бейбіт шерушілерге қарсы күш қолданатын болса, АҚШ көмекке келеді» деп мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, қазіргі шерулер кезінде он адам қаза тапты. Бұл – Иранда 2022 жылғы Махса Аминидің өлімінен кейінгі ең ірі наразылық акциялары саналады.
Мемлекеттік IRAN басылымының дерегінше, сенбіге қараған түні Кум қаласында бір ер адам граната жарылысынан қаза тапқан. Ақпарат бойынша, қаза болған адамның өзі қолындағы гранатамен қала тұрғындарына шабуыл жасамақ болған.
Ал екінші қайғылы оқиға Харсин қаласында тіркелген. Ол жерде «Басидж» еріктілер жасағының бір мүшесі мерт болған. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists ұйымының мәліметінше, наразылық акциялары Иранның 31 провинциясының 22-сін қамтып, жүзден астам елді мекенде өтіп жатыр.
Ирандағы жағдайдың ушығуына АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасаған болатын.

