IBF және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг бақылау ісінде B сынамасының ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков B сынамасының нәтижесі ел үшін маңызды сәт екенін атап өтті. Федерация басшысының айтуынша, бұл кезең істің тағдырын айқындайтын заңды әрі шешуші саты саналады. Себебі дәл осы нәтижеге байланысты боксшының спорттық болашағы мен құқықтық бағасы анықталады.
Федерация өкілдері ресми түрде B сынамасының қорытындысы шыққанға дейін Жәнібек Әлімханұлы кінәсіз деп есептелетінін еске салды. Осыған байланысты айыптау сипаты бар кез келген жария пікірлер спортшының құқығына қысым жасау ретінде қарастырылатыны айтылды.
Бедел мен регламент
Ұйым мәліметінше, B сынамасын талдау барлық регламентке сай жүргізілуі тиіс, оған спортшы мен оның өкілдерінің толық қатысуы, барлық құжаттар мен рәсімдерге қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет. Процедура барысында кез келген ауытқу нәтижелерді жарамсыз деп тануға және құқықтық баға беруге негіз болуы мүмкін.
Федерация сондай-ақ, егер B сынамасы таза болып шықса, Әлімханұлына қатысты барлық айыптауды ресми түрде алып тастап, оның беделін қалпына келтіруге күш салатынын мәлімдеді. Ал егер ереже бұзушылық заңды әрі дәлелді түрде расталса, шешімдер қолданыстағы регламенттер аясында қабылданады. Ұйым үшін басты өлшем эмоция емес, заң талаптарына сәйкес алынған B сынамасының нақты нәтижесі екені баса айтылды.
Еске салайық, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы кубалық Эрисланди Ларамен біріктіруші жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Бұл кездесу қазақстандық боксшының мансабындағы ең маңызды айқастардың бірі ретінде бағаланған еді.
Алайда допинг-тесттен өте алмаған соң, Әлімханұлы жекпе-жек кардынан шұғыл түрде алынып тасталды. Кейін оның 2016 жылдан бері тыйым салынған мельдоний затын қолданды деген күдікке ілінгені белгілі болды.
Нәтижесінде Лара рингке венесуэлалық Йохан Гонсалеске қарсы шығып, жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Қазір спорт қоғамдастығы үшін шешуші мәселе – B сынамасының ресми қорытындысы болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

