Белгілі сарапшы Ильгар Велизаде Қазақстанда қолға алынған модернизация қоғамның нақты сұранысына жауап беретін жол деп бағалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл пікірді «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі, белгілі сарапшы Ильгар Велизаде арнайы сұхбат барысында білдірді. Сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы кезде көтеріп жүрген мәселелерін, елде жүріп жатқан саяси-экономикалық реформалардың бағыт-бағдарын егжей-тегжейлі талдап, өз бағасын берді.
Тоқаевтың модернизациясы – қоғамның айнасы
– Президент Тоқаев елдегі модернизацияның жаңа кезеңін жариялады. Бұл бастаманың Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы үшін маңызын қалай бағалайсыз?
– Президент қоғамның даму үдерісі ешқашан тоқтамайтынын әрдайым еске салып отырады. Шын мәнінде, Қазақстан қоғамы өте серпінді даму үстінде. Осы серпінді сақтап, дамудың қарқынын арттыру үшін қажетті саяси-құқықтық орта қалыптастыру аса маңызды.
Мемлекет басшысы қызметке кіріскен күннен бері «еститін мемлекет» тұжырымдамасын алға тартып келеді. Мұның мәні – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейту, халықтың нақты сұранысына жедел әрі тиімді жауап беру.
Президент айтқан модернизация кезеңі дәл осы идеяны жалғастырып, қоғамның сұранысымен үндесіп жатыр. Яғни, Қазақстандағы мемлекеттік институттардың дамуы қоғам дамуының айнасы іспетті болуы тиіс. Президенттің осы ұстанымын Қазақстандағы саяси-экономикалық жүйенің болашағы үшін өте маңызды деп есептеймін.
Қазақстан реформалары: кері қайтар жол жоқ
– Сұхбатта реформалардың қайтымсыз сипаты жиі айтылды. Бұл қайтымсыздықты қандай институционалдық өзгерістер қамтамасыз етіп отыр?
– Қазақстанның саяси өмірінде, әсіресе Қаңтар оқиғаларынан кейін үлкен өзгерістер орын алды. Һзгерістердің бір ерекшелігі олар уақытша емес, тұрақты сипатқа ие. Мемлекеттік басқару институттары түбегейлі жаңғырып жатыр. Қазір бұл үдеріс жалғасуда.
Өткен жылы Президент парламентті бірпалаталы құрылымға көшіру мәселесін көтерді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – басқару жүйесіндегі қайталанатын функцияларды азайтып, атқарушы органдарды оңтайландыру. Президент Конституцияға енгізілген ауқымды өзгерістер арқылы осы реформалардың институционалдық деңгейде бекітілуіне ерекше мән беруде. Бұл реформалар ендігі жерде кері қайтпайтынын және ел дамуының жаңа кезеңіне нақты өткенін көрсетеді.
– Президент экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылық арасында тепе-теңдік сақтау мәселесін көтерді. Сіз бұл тепе-теңдікті қалай бағалайсыз?
– Тоқаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның бюджет көлемі 300 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Осы көрсеткішті жан басына шаққанда, әр қазақстандыққа шамамен 15 мың доллардан келеді екен. Мұндай көлем мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға үлкен мүмкіндік береді.
Президент сонымен қатар әлеуметтік мәселелердің әлі де өзекті екенін, аталған бағыттағы жұмыстардың ешқашан тоқтамауы тиіс екенін айтты. Жергілікті деңгейде әлеуметтік мәселелерді шешуде әкімдер мен жергілікті басқару органдарының рөлін арттыруға бағытталған реформалар жүріп жатыр.
Сонынмен қатар азаматтардың әлеуметтік саясатты қалыптастыруға тікелей араласуын қамтамасыз етеді. Осылайша, мемлекет халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне барынша жауап беруге тырысуда.
Салық жеңілдігі бизнестің тынысын ашады
– Салық реформасы «жаңартылған қоғамдық келісімнің» бір элементі ретінде айтылды. Бұл бизнес пен инвестициялық ортаға қалай әсер етеді?
– Салық мәселесі Қазақстанда қазір қызу талқыланып жатқан маңызды тақырыптардың бірі. Бұрынғы үкіметтер бюджеттің кірісін арттыру үшін салық мөлшерін көбейтуді ұсынса, Президент Тоқаев керісінше, салық жүктемесін төмендетуге басымдық берді.
Оның пікірінше, салықты төрт пайызға азайту арқылы елдегі шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруге болады. Әлеуметтік әділеттілікке де сәйкес келеді, өйткені қоғамның барлық ауыртпалықты өз мойнына алуы дұрыс емес. Қазақстан үкіметінің бұл икемді салық саясаты инвестициялық климатты жақсартып, бизнестің дамуына оң ықпал етеді.
Осылайша, экономикадағы реформалар әлеуметтік саясатпен өзара үйлесім тауып, ел дамуына оң әсерін тигізеді.
– Президент инфрақұрылым мен логистика мәселесіне ерекше назар аударды. Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық үдерістердегі рөлін қаншалықты күшейтеді?
– Қазақстан соңғы онжылдықтарда Еуразиядағы ең маңызды көлік-логистикалық хабқа айналды. Мәселен, Мойынтыға дейінгі теміржол желісінің іске қосылуы Орта дәліздің әлеуетін айтарлықтай арттырды.
Қазақстан арқылы бүгінде 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде Орта дәліз және Солтүстік-Оңтүстік бағыты ерекше орын алады. Осы екі жоба ел ішінде бір-бірімен тоғысып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін еселеп арттырады.
Әзербайжанның Орта дәліз жобасына белсенді қатысуы екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып отыр. Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін дамытуды тек көлік мәселесі деп емес, геосаяси мәні бар стратегиялық қадам ретінде қарастыру керек. Қазақстан геосаяси шиеленістерге араласпай, бейтарап ұстанымды сақтай отырып, барлық тараппен тиімді ынтымақтастық орнатуда. Өз кезегінде елдің халықаралық көлік-логистикалық хаб ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.
Қазақстандағы модернизация үдерісі қоғам сұранысына тікелей жауап беретін және елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін аса маңызды стратегиялық қадам. Бұл реформалардың қайтымсыздығы институционалдық өзгерістермен бекітіліп, елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы тұрақтылығын қамтамасыз етпек.
Ал қазақ сарапшысы Уәлихан Төлешов Ertenmedia-ға Назарбаев Қазақстан үшін Кремльдің психологиялық сенім буфері ретінде қызмет атқаратынын алға тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

