Илон Маск робототехника туралы сөз қозғағанда, өзінің арманындағы асқақ мақсаттарды ешқашан жасырған емес, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның Tesla компаниясы жасаған Optimus атты гуманоид роботы зауыттардағы ауыр жұмысты істеп, үй шаруасындағы күйбең тіршіліктен адамды құтқарады деп жоспарлануда. Алдағы он жылда мұндай роботтардың миллион данасы шығарылмақшы.
Бірақ бұл арман қаншалықты шындыққа жақын? Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана үй шаруасына көмектесетін ақылды әрі сезімтал роботтың болуы ғылыми фантастика сияқты көрінетін. Бокс көтеретін, би билейтін немесе шахмат ойнайтын роботты елестетуге болатын, бірақ адамды терең түсініп, шынымен көмектесе алатын робот мүмкін емес еді.
Бірақ кейін өмірімізге жасанды интеллект, әсіресе ChatGPT, Gemini және Copilot сияқты құралдар енді де, біздің көзқарасымыз түбегейлі өзгерді. Адам сияқты сөйлесетін, сұрақтарымызды түсініп, нақты жауап беретін роботтардың болашағы қол созым жерде тұрғандай болды.
Енді тұрмыстық робот сатып алу үйге кір жуғыш машина алған сияқты әдеттегі жағдайға айналуы мүмкін. Тіпті жеке робот сатып алу тым қымбат болса, оны уақытша жалға алуымыз ғажап емес. Мысалы, би үйрететін, әрі психологиялық кеңес беретін роботты жалдауға болады. Немесе туыстарымыз жиналып, үлкен кісілерге қамқорлық жасайтын робот алып беруге де болады.
Алайда, роботты жасау тек техникалық мәселе ғана емес, эмоционалды мәселе. Ыдыс жуатын машина да, шын мәнінде, роботтың бір түрі, бірақ оған ыдысты өзіміз саламыз. Ал қол-аяғы бар гуманоид робот болса, дастарханды өзі жинап, ыдыс жуып, үй жануарларын да тамақтандыра алады. Яғни, инженерлер гуманоид роботтарды адам денесіне ұқсас етіп жасайды. Өйткені біздің айналамыздағы дүниенің бәрі адамға ыңғайланып жасалған.
Гуманоид пен адам арасы
Бірақ гуманоид робот тек жұмыс істеп қоймайды, оның түр-келбеті мен қол-аяғы бізге қосымша эмоционалды әсер етеді. Бұл бізге оның ақылды, сезімтал, қамқор болатынына үміт береді. Optimus осындай эмоционалды, мәдени образға сүйенеді. Бұл тек инженерлік шешім емес, бұл бір жағынан театр, бір жағынан бізбен бірге өмір сүретін роботтар әлеміне шақыру.
Шынында да, кейбір жағдайларда роботтың көмегі расымен қажет. Ауырып қалған немесе науқас адамға күтім жасаған адамдар робот-көмекшінің пайдасын түсінеді. Себебі робот адамдар сияқты сынамайды, ешқашан шаршамайды. Дегенмен, барлық әлеуметтік қарым-қатынасты роботтарға сеніп тапсырсақ, басқа бір қауіпті мәселе туындайды. Егер біздің барлық мәселемізді тұрмыстық немесе эмоционалдық болсын робот шешетін болса, біз бір-бірімізге деген түсіністік пен жанашырлықтан айырылып қалуымыз мүмкін.
Болашақ роботтардың дизайны да осы тұрғыдан өте маңызды. Егер үйімізде барлық мәселені шешіп беретін, әрдайым біздің көңілімізден шығатын роботтар болса, біз адамдармен араласуды ұмытып, өз-өзімізбен ғана оңаша қалуымыз мүмкін. Бұндай болашақта бізге ыңғайлы болады, бірақ бір маңызды нәрсені жоғалтамыз – ол адамдар арасындағы қарым-қатынас.
Сонда қалай жасауымыз керек? Роботтар мен жасанды интеллекті өмірімізге енгізгенде, олар бізді адамдарға қарай жақындататын болсын. Әңгімелесу мен сөйлесуді адамдар арасында сақтап қалған жөн. Әр құрылғының өз міндеті болсын: кір жуатын машина тек киім-кешек жайлы, навигатор тек жол жайлы сөйлесін, ал жалпы өмірлік, құндылыққа қатысты сұрақтарды тек адамдармен ақылдасайық.
Осылай істесек, жұмыс орындары мен қоғамдық кеңістіктер қайтадан адам мен адамды жақындататын ортаға айналады. Әрине, ол үшін адамдар да өзара араласуға дайын болып, смартфондарын бір уақытқа болса да шетке қоюы керек.
Жақсы робот бізге басқалармен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі: мысалы, мазасыз баланы мектепке баруға ынталандырады, жалғыз жүрген жасөспірімді жергілікті шараларға қатысуға шақырады немесе үлкен кісілерді кітапханадағы клубқа ертіп барады.
Ал нашар робот керісінше, бізді үйге қамап, адамдардан алыстатып, тек өзімен ғана сөйлесуге үйретеді.
Илон Масктың Optimus жобасы шындыққа айналуы әбден мүмкін. Бірақ бұл роботтар қоғамдағы адамдардың байланысын нығайта ма, әлде керісінше, бізді бір-бірімізден алшақтата ма – міне, басты мәселе осында. Біз болашақта роботпен ғана емес, ең алдымен бір-бірімізбен тығыз байланысты болуға тиіспіз. Осы мәселені шешу – қазіргі уақыттағы ең маңызды міндет.
Айтпақшы, біздің Кеңес Рақышев қазақ боксына қыруар қаржы құйғанын мәлімдеп, осы спорт түріндегі соңғы жетістіктерге өзінің де үлес қосқанын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

