Маңғыстау мен Беларусьтің Гродно облысы арасында өзара ынтымақтастықты нығайтатын маңызды құжатқа қол қойылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін, 4 наурыз күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Беларусь Республикасынан келген делегация – Гродно облыстық атқару комитетінің төрағасы Юрий Караев бастаған өкілдермен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың болашағын талқылады.
Жүздесу барысында тараптар өңіраралық әріптестікті кеңейтудің нақты қадамдарын айқындады. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін өндіру, ағаш өңдеу өнеркәсібі, туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше мән берілді.
Сонымен қатар, кездесуде Маңғыстау мен Гродно облыстары арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған «Жол картасына» қол қойылды. Аталған құжат инвестиция тарту, бірлескен бизнес-форумдар мен В2В форматындағы кездесулер өткізуге бағытталып, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз болады.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың транзиттік әлеуетіне ерекше тоқталып, өңірдегі Ақтау және Құрық теңіз порттарының мүмкіндіктерін сөз етті. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі мен туризм бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
– Маңғыстау облысы соңғы жылдары көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілету және өңдеу өнеркәсібін жандандыруға басымдық беріп отыр. Біз Беларусь елімен ұзақ мерзімді әрі нәтижелі серіктестік орнатуға мүдделіміз, – деп атап өтті облыс әкімі.
Өз кезегінде Юрий Караев Маңғыстау өңірімен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтып, сауда-экономикалық және гуманитарлық саладағы бастамаларды белсенді қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, 2025 жылы Маңғыстау облысы мен Беларусь арасындағы сыртқы сауда айналымы 17,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір өңірде беларусь капиталының қатысуымен түрлі бағытта жұмыс істейтін 11 кәсіпорын бар.
Таяуда Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде жаңа Конституцияны қолдау мақсатында өткен форумға 4000-ға жуық адам қатысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







