Жүрек бұлшықеті ауыр зақымданған соң оны қалпына келтіру мүмкін емес деп саналған еді. Жүрек талмасы кезінде өлген жасушалар орнына келмей, олардың орнын тыртық басып қалатыны бұрыннан белгілі. Дегенмен, Австралия ғалымдарының жаңа зерттеуі адам жүрегінің өз-өзін біртіндеп емдеуге қауқары барын көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жаңалық жүрек ауруларын емдеу тәсілдерін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Зерттеу нәтижесі әлемдегі кардиологтардың ерекше назарын аударып отыр.
Жүрек талмасы жүрекке қан жеткізетін қан тамырларының ұйыған қанмен бітелуінен болады. Қан айналымы тоқтап, оттегі жетіспеушілігінен жүрек бұлшықетінің жасушалары өледі. Ағза зақымданған аймақты тыртық тінімен жабуға тырысады. Алайда мұндай тін сау жүрек бұлшықеті секілді жиырыла алмайды, нәтижесінде жүрек әлсіреп, қанды нашар айдай бастайды. Бұл уақыт өте келе жүрек жеткіліксіздігіне немесе қайталама инфарктқа әкелуі ықтимал.
Осыған дейін ғалымдар адам жүрегінің бұлшықет жасушалары зақымданғаннан кейін өздігінен көбейіп, қалпына келе алмайды деп сенген. Сондықтан қазіргі медицина жүректі емдеуден гөрі, келесі зақымның алдын алуға көбірек көңіл бөлген. Алайда австралиялық зерттеу бұл көзқарастың толық дұрыс емес екенін дәлелдеді.
Зерттеуді Сидней университетінің кардиологы Роберт Хьюм жетекшілік еткен ғалымдар тобы жүргізді. Олардың зерттеуі Circulation Research журналында жарияланды. Зерттеу авторларының айтуынша, бұл жаңалық жүректің жарақатқа реакциясын түсінуде жаңа бағыт ашып отыр.
– Осы уақытқа дейін біз жүрек талмасынан кейін жасушалардың өлімі орны толмас зақым әкеледі деп ойладық. Бірақ біздің зерттеуіміз жүрек тыртықпен жабылса да, оның жаңа бұлшықет жасушаларын қалыптастыратынын дәлелдеді. Бұл жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына жол ашады, – деді Роберт Хьюм.
Ғалымдар алғаш рет жүрек талмасынан кейін адам жүрегінде жасушалардың көбею процесі митоздың нақты белгілерін анықтады. Бұған дейін бұл құбылыс тек тышқандарда ғана байқалған. Тышқанның жүрегі зақымданғаннан кейін өздігінен біршама қалпына келе алады. Ал адам жүрегінде мұндай қабілет жоқ деп есептелген.
Зерттеу кезінде ғалымдар донордан алынған толық жүрек және жүрекке операция жасатқан пациенттердің тіндерін жетілдірілген зертханалық әдістермен зерттеген. Жасушалардың РНҚ-сы, ақуыздары мен метаболизм ерекшеліктері егжей-тегжейлі талданған. Нәтижесінде оттегі жетіспеген жағдайда жасушалардың қандай реакция беретіні анықталды.
Сонымен бірге ғалымдар жүректің зақымдалған аймағында жасушалардың бөлінуін ынталандыратын арнайы биологиялық сигналдарды тапқан. Бұған дейін бұл сигналдар тек жануарлардың жүрегін зерттеу барысында ғана белгілі болған еді.
Мамандар жүректің өздігінен қалпына келу қабілеті әлі де өте шектеулі екенін атап өтті. Ауыр жүрек талмасы жүректің үштен бір бөлігін зақымдауы мүмкін. Соңғы онжылдықта медицинаның дамуы арқасында жүрек талмасынан аман қалу мүмкіндігі айтарлықтай артқанымен, пациенттердің көбі кейін жүрек жеткіліксіздігіне тап болып отыр.
Түйін
Австралияда жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен 144 мыңға жуық адам тіркелген, бірақ жылына тек шамамен 115 жүрек трансплантациясы жасалады. Бұл донор тапшылығы мәселесінің аса өзекті екенін көрсетеді.
– Бұл зерттеуді ем ретінде емес, жаңа мүмкіндіктің басы деп қабылдаған жөн. Жаңа жасушалардың пайда болуы жүрек талмасының ауыр зардаптарын толық жоюға жеткіліксіз. Сондықтан біз болашақта жүректің табиғи қалпына келу қабілетін арттыратын емдеу әдістерін жасағымыз келеді, – деді доктор Хьюм.
Егер осы табиғи қалпына келу үдерісін болашақ ем түрлері арқылы күшейту мүмкін болса, жүрек ауруларын емдеудің әлемдік тәсілі өзгермек. Мұндай терапиялар науқастардың жүрек талмасынан кейін тез қалпына келуіне, жүрек жеткіліксіздігінің алдын алуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға көмектеседі деген сенім бар.
Инсульттің алғашқы белгілері кенеттен басталып, қай жерде болсаңыз да – үйде, жұмыста, көшеде орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайда дереу әрекет ету маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







