2025 жылдың желтоқсан айында Қазақстандағы инфляция деңгейі 0,9%-ды құрады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соның ішінде азық-түлік тауарлары 1,2%, азық-түлік емес тауарлар 0,7%, ақылы қызметтер 0,6%-ға қымбаттаған.
Желтоқсан айында кейбір өнімдер бағасының төмендеуі байқалды. Мәселен, апельсин 2,6%-ға, сәбіз 2%-ға, қант 1,3%-ға арзандаса, жұмыртқаның бағасы аздап (0,1%) төмендеген. Ал концентратталған сүт 2,1%, қатты ірімшік 1,8%, көкөніс шырындары 1,6%-ға қымбаттаған.
Дәрі-дәрмектер нарығында да айтарлықтай өзгерістер бар. «Супрастин» бағасы 18,5%, «Энап» 5,2%, «Канефрон» 1,4%, «Йодомарин» және «Азитромицин» 0,9%-ға арзандаған.
Тұрмыстық техника мен автокөлік нарығында жеңіл автокөліктер 0,4%, электр құралдары 0,9% арзандаса, смартфондар – 0,9%, жеке гигиена тауарлары 1,1%-ға қымбаттаған.
Коммуналдық қызметтер арасында су бұру тарифі бір айда 2,4%, суық су тарифі 0,9% арзандады. Сонымен қатар, такси қызметі 1,8%, монша қызметі 2,1%, кинотеатрлар билеті 2,9%-ға өскен.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 12,3% деңгейінде тіркелген. Оның ішінде азық-түлік тауарлары 13,5%, азық-түлік емес тауарлар 11,1%, ақылы қызметтер 12%-ға қымбаттаған.
Жылдық есеппен кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеген: қызанақ 7,9%, күріш 4,8%, қияр 4,7%, тәтті бұрыш 2,7%, кептірілген өрік 2%-ға. Керісінше жүзім бағасы 7,7%, көк шай 7,9%-ға өскен.
Азық-түлік емес тауарлар арасында аяқ киімге арналған крем – 10,8%, сантехникалық қоспалауыш 8,5%, электр бұрғысы 6,6%-ға қымбаттаған.
Жылдық кезеңде суық су тарифтері 13,1%-ға төмендеді. Есесіне аяқ киім жөндеу қызметі 10,1%, пошта қызметтері 8,9%, автосақтандыру 6,5%-ға өскен.
Өңірлер арасындағы ең төмен жылдық инфляция деңгейі Алматы қаласы мен Қостанай облысында 11,7%, Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында 11,8% шамасында тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстанда инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі ай сайын есептеледі. Индексті анықтау үшін 508 түрлі тауар мен қызмет бағасы бақылауға алынған. 2025 жылғы қаңтардан бастап бұл көрсеткішті есептеу кезінде азық-түлік тауарларының үлесі 40%, азық-түлік емес тауарлар 30,3%, ақылы қызметтердің үлесі 29,7%-ды құрап отыр. Инфляция динамикасын көрсететін арнайы интерактивті дашборд арқылы 2018 жылдан бергі өзгерістерді бақылауға болады.
Иинфляцияны тежеудегі «елордалық әдісті» білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

