Маңғыстауда жас қызды интим суреттерімен бопсалап, миллион теңге талап еткен екі азамат қолға түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға жәбірленушінің полицияға шағымдануынан кейін белгілі болды. Оның айтуынша, бопсалаушы жігіт әлеуметтік желіге жеке суреттерін таратып, туыстарына көрсетемін деп қорқытқан. Әлгі адам абыройын сақтау үшін қыздан қомақты ақша талап еткен.
«Алдымен WhatsApp арқылы 200 мың теңгені дереу аударуды бұйырып, қалған 800 мыңды 20 қаңтарға дейін жеткізуді міндеттеген. Қаражат арнайы шотқа аударылуы тиіс еді», – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел әрекет етіп, күдікті екі ер адамды ұстады. Тексеру барысында олардан қылмысқа қатысы бар айғақ заттар – iPhone 14 Pro Max және iPhone 11 телефондарын тәркіледі.
Қазір күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы («Бопсалау») бойынша іс қозғалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кінәлары дәлелденсе, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе шектелуі мүмкін. Сондай-ақ, 4000 АЕК көлемінде айыппұл немесе түзеу жұмыстарына жегілу қаупі бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

