Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері соңғы бір жылда айтарлықтай жоғарылаған. Атап айтқанда, былтыр ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 42 млрд 134 млн теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 129,9%-ға өсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артып, 311 млрд 427 млн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 71 млрд теңгеге көп.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің айтуынша, ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 млрд 35,5 млн теңгеге жетіп, жоспар 101,8 пайызға орындалған. Тамақ өндірісіне бағытталған инвестиция көлемі 254 млн теңгені құрады.
Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 308 гектар жерге жаңбырлатып суару, 33 гектарға тамшылатып суару жүйесі орнатылып, жалпы 341 гектар аумақта заманауи технологиялар іске қосылған. Осылайша жоспар 102,4%-ға орындалған. Сондай-ақ, 2025 жылы аудан бойынша 12 702,6 тонна ет, 8 161,4 тонна сүт және 1 977,5 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Өңірдегі инфрақұрылым саласы да қарқынды дамып келеді. Аудан аумағындағы барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 2025 жылы Созақ ауданына магистральды газ құбыры тартылып, биыл алғаш рет көгілдір отын берілді.
2026 жылдың 13 ақпанында аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы 4 600 абонент табиғи газға қол жеткізді. Қазір Созақ және Құмкент ауылдарына газ тартудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, Жартытөбе, Бабата және Аққолтық елді мекендерінде газдандыру жұмыстары басталып кеткен. Ауданға қарасты барлық елді мекендер 100 пайыз электр қуатымен қамтылған.
Өткен жылы құрылыс саласында да ірі жобалар жүзеге асырылды. 2023 жылы басталған Шолаққорған ауылындағы заманауи спорт кешенінің құрылысы былтыр қазан айында толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, аудан орталығында жаңа кітапхана құрылысы аяқталып, биыл 30 қаңтардан бастап оқырмандарға қызмет көрсетуде. Созақ және Тасты ауылдық округтерінде әкімдік ғимараттарының құрылысы аяқталды. Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионы қайта жаңартылып, Жуантөбе, Тасты, Шу, Сызған, Құмкент және Жартытөбе ауылдарында жабық футбол алаңшалары салынды.
Ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Былтыр Жеткіншек мөлтек ауданында екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, дәл осындай баспана Шолаққорған ауылында да салынды. Бүгінде жалпы аудан бойынша 76 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып жатыр.
Түркістан облысының орталығында «QazEcoPack» ЖШС-ның полиэтилен қаптамалары мен скотч шығаратын өндіріс орны ашылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

