Қазақстанда ипотекалық бағдарламалар көп, бірақ олардың шарттары айтарлықтай ерекшеленеді. 2026 жылдың сәуірінде қолжетімді ипотекалық бағдарламалардың негізгі шарттарын Ertenmedia.kz сайты жазады.
«7-20-25» және «Наурыз»: тиімді шарттар сақталған бағдарламалар
Қазіргі уақытта «7-20-25» ипотекасы әлі де ең тиімді бағдарламалардың бірі саналады. Бұл бағдарлама бойынша пайыздық мөлшерлеме 7%-ды құрайды, алғашқы жарна үй бағасының 20%-ынан басталады, ал несие мерзімі 25 жылға дейін созылады. Бағдарлама бойынша сатып алынатын пәтердің максималды бағасына қалаға байланысты шектеулер қойылған.
«Наурыз» бағдарламасының базалық мөлшерлемесі 9%-ды құрайды, бірақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін ол 7%-ға дейін, ал уақыт өте келе 4%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл бағдарламаның басты шарты – «Отбасы банкте» депозиттің болуы және соңғы бес жылда меншік құқығында баспананың болмауы.
«50/50» және «30/70»: бастапқы жарна арқылы тиімді ипотека
«50/50» бағдарламасы бойынша мөлшерлеме 6%-дан 8,5%-ға дейін ауытқиды, кейіннен 3,5–5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл бағдарлама бойынша алғашқы жарна үй құнының 50%-ын құрайды. Оның артықшылығы – жаңа үйлерге де, екінші нарықтағы пәтерлерге де қолданылады.
«30/70» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна 30%-ды құрайды, пайыздық мөлшерлеме – 7%. Ал депозитте жинақ сомасы жоғары болса, пайыздық мөлшерлеме 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл бағдарлама тек жаңа салынған тұрғын үйлерге арналған.
Екінші нарықтағы пәтерлерге арналған ипотека: ең қымбат сегмент
Екінші нарықтағы тұрғын үй алуға арналған ипотека мөлшерлемесі жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл бағдарламалар бойынша пайыздық мөлшерлеме 21,7%-дан 22,3%-ға дейін жетеді. Бұл өз кезегінде несие құнын едәуір арттырады.
Арнайы санаттарға арналған ипотекалар
«Әйелдер ипотекасы» бағдарламасы бойынша алғашқы он жылда мөлшерлеме 15,5%-ды құрап, кейіннен 5%-ға дейін төмендейді. Осы бағдарлама аясында жаңа үйлермен қатар, 2016 жылдан кейін салынған екінші нарықтағы үйлерді сатып алуға болады.
«Жасыл ипотека» экологиялық стандарттарға сай тұрғын үйлерді сатып алуға арналған. Мөлшерлеме 7%-дан 12,5%-ға дейін өзгеріп отырады.
«Бизнесті дамыту ипотекасы» жеке кәсіпкерлерге арналған, максималды несие сомасы 200 млн теңгеге дейін жетеді.
Жылдам рәсімделетін ипотека түрлері
Жедел ипотека рәсімдегісі келетіндер үшін «Жылдам ипотека» бағдарламасы бар. Мөлшерлеме 18,5%-ға дейін жетуі мүмкін. Ал «Серіктестік ипотека» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлерге мөлшерлеме – 17,35%, дайын үйлерге – 18,75%.
Құрылыс компаниялары ұсынатын ипотека мөлшерлемесі 8,5%-дан 13,5%-ға дейін, ал несие мерзімі қысқа – 12-ден 60 айға дейін.
«Jana ипотека» және «Кепілді ипотека»: мөлшерлеме алғашқы жарнаға байланысты
Бұл бағдарламаларда мөлшерлеме алғашқы жарна көлеміне тікелей тәуелді. «Jana ипотека» бойынша мөлшерлеме 5,5%-дан 16%-ға дейін, ал «Кепілді ипотека» бойынша 5%-дан 15%-ға дейінгі аралықта өзгеріп тұрады. Мұнда несие алу үшін кірісіңіз жеткілікті болуы немесе басында үлкен соманы бірден салуға дайын болуыңыз маңызды.
Қаржы министрлігі азаматтардың банк шоттарын тікелей бақылап отырған жоқ және әрбір аударымды жеке қадағаламайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







