Әлемдік нарықта жағдай біршама тұрақтанды. АҚШ-тың S&P 500 индексі небәрі 0,3%-ға төмендеген. Бұған Иран мәселесіне қатысты алаңдаушылықтың біршама бәсеңдеуі себеп болды. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың «Иран енді уран байытып, баллистикалық зымырандар шығара алмайды, бұл соғыс болжамнан әлдеқайда ерте аяқталады» деген мәлімдемесі инвесторлардың көңіл-күйін жақсартты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Нарыққа әсер еткен тағы бір фактор мұнай бағасының құбылуы. Кеше сауда кезінде мұнай бағасы барреліне 119 долларға дейін көтерілгенімен, кейін 108 долларға дейін төмендеп, нарықтарға жеңілдік әкелді.
Мұндай динамикаға АҚШ-тың Ресейден мұнай сатып алуға ішінара рұқсат беруі және кейбір Иран мұнай жеткізілімдерінен санкциялардың алынуы мүмкін екені туралы мәлімдемелер ықпал еткенін айта кетуіміз керек.
Бірақ Сауд Арабиясы сәуірдің аяғына дейін тасымалдау қиындықтары сақталса, мұнай бағасы 180 доллардан асады деп болжап отыр. Еуропада да жағдай тұрақсыз, Еуропалық орталық банк инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені сәуір айында-ақ көтеруі мүмкін деген хабардан кейін нарықтар төмендеді.
Қазақстандағы жағдай
Қазақстандық нарық та әлемдік тенденциядан тыс қалған жоқ. Кеше KASE индексі 0,6%-ға төмендеді. Күн ішінде индекс тарихи жоғары деңгейге – 8 039 пунктке дейін көтерілгенімен, сессия соңында төмендеп кетті.
Әсіресе «Қазатомөнеркәсіп» (KAZ Minerals) акциялары қатты құлады. Оның қарапайым акциялары 8,3%-ға, ал депозитарлық қолхаттары (ГДР) Лондон биржасында 3,2%-ға арзандады. Сарапшылардың пікірінше, «Қазатомөнеркәсіптің» төмендеуіне Лондон биржасындағы күрделі ахуал және уран нарығындағы белгісіздік ықпал еткен.
Техникалық тұрғыда компания акциялары үшін қазіргі бағалық деңгей өте маңызды Өйткені ол бұдан әрі төмендесе, акцияның қайта көтерілу мүмкіндігі шектеледі.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» (КМГ) компаниясының акциялары кеше 4,8%-ға қымбаттап, жақсы өсім көрсетті. Бірақ бүгін таңертең компания акциялары 1,2%-ға арзандап жатыр. Ал «ҚазТрансОйл» бірден 3,5%-ға төмендеді. «Эйр Астана» (Air Astana) акциялары бүгін аздап қалпына келіп, 1%-ға өсті.
Валюта нарығында АҚШ доллары теңгеге қатысты үшінші күн қатарынан 480 теңге деңгейінде тұрақтап тұр. Ал рубль долларға қатысты 84,5 деңгейіне дейін нығайды. Мұның негізгі себебі Ресейде бюджеттік ереженің өзгеруіне байланысты валюта тапшылығы байқалады.
Сарапшылардың айтуынша, жақын уақытта теңгенің рубльге қатысты нығаюы уақытша тоқтауы мүмкін. Өйткені ресейлік экспорттаушылар жақын арада Urals мұнайын тиімді бағамен сатып, валюта нарығына қайта шыға бастауы мүмкін. Нәтижесінде алдағы үш айда доллар/рубль жұбы 83-90 рубль, ал доллар/теңге бағамы 495-505 теңге арасында ауытқиды деген болжам жасалды. Бұл рубльдің теңгеге шаққандағы бағамын шамамен 5,6–5,9 теңге деңгейінде ұстайды деген сөз.
Қазақстанда шағын бизнестің мобильді аударымдар арқылы табыс табатын дәуірі ресми түрде аяқталды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы кезеңі күшіне енді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







