Ирандағы әскери іс-қимылдар Қазақстанның астық экспортын толықтай тоқтатты. Бұл туралы Қазақстанның астық одағы аналитика комитетінің басшысы Евгений Карабанов мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Қазақстан Иранға астық, әсіресе арпа экспорттайды. 2024-2025 маркетингтік жылында Иранға экспортталған қазақстандық арпаның көлемі 1 млн 228,4 мың тоннаны құраған. Алайда қазір әскери қақтығыстар салдарынан барлық келісімшарттарға форс-мажор жарияланды. Қазіргі таңда астық жеткізу толық тоқтады, экспорт көлемі күрт төмендейді, – деді Евгений Карабанов.
Оның айтуынша, биыл экспорт көлемі онсыз да төмендей бастаған, себебі Қазақстан Иран нарығында ресейлік астықпен бәсекелестік күшейген.
– Былтыр Ресейде арпа өнімі төмен болды. Ақпан айынан бастап Ресей арпа экспортына шектеу қойған еді, сол себепті біз ол мүмкіндікті пайдаланып, Иранға экспорт көлемін айтарлықтай арттырғанбыз. Ал биыл Ресейдің арпа өнімі өте жақсы болып, қайтадан негізгі бәсекелесімізге айналды, – дейді ол.
Евгений Карабанов экспорттық жағдайдың қалай қалыптасатыны Ирандағы әскери қақтығыстардың қаншалықты ұзаққа созылатынына байланысты екенін атап өтті.
– Қазір барлық жеткізілімдер қысқа мерзімді перспективада толық тоқтап тұр. Ал ұзақ мерзімді болжам қақтығыстардың ұзақтығына, сондай-ақ Иранның саяси режиміндегі өзгерістерге байланысты. Әзірге нақты болжам айту қиын, – деді сарапшы
Былтыр Қазақстанның астық керуені Оңтүстік Кавказдағы Арменияға жол тартқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







