Иранда Швеция азаматы өлім жазасына кесіліп, жаза орындалды. Бұл туралы Швецияның Сыртқы істер министрі Мария Мальмер Стенергард мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, марқұм өткен жылдың маусым айында Иранда ұсталған. Осы уақыт ішінде Стокгольм бұл мәселені бірнеше рет ирандық тараппен көтерген.
– Өлім жазасы адамгершілікке жат, қатыгез және қайтарымсыз жаза. Швеция Еуропалық одақ елдерімен бірге мұндай жазаны кез келген жағдайда қолдануға қарсы, – деді Мария Мальмер Стенергард.
Оның сөзінше, сот процесі халықаралық құқық талаптарына сай өтпеген. Яғни айыпталушыға қатысты тергеу мен сот талқылауы әділ сот стандарттарына сәйкес келмеген.
Қазіргі уақытта Швеция Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты қосымша түсініктеме берген жоқ. Бұл жағдай Ирандағы сот жүйесіне және өлім жазасын қолдану тәжірибесіне қатысты халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын қайта күшейтті.
Күні кеше ғана Израиль қарулы күштері Иранның «Басидж» ерікті әскерінің басшысы, бригадалық генерал Голамреза Сулейманиді жойғанын мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







