АҚШ Ирандағы күрд оппозициялық топтарымен қару-жарақ беру және көтеріліс ұйымдастыру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
CNN арнасының хабарлауынша, Президент Дональд Трамп әкімшілігі ирандық күрд жасақтарын қаруландырып, оларға қолдау көрсетуді талқылап жатса керек. Дегенмен, келісімнің нақты жасалған-жасалмағаны әлі белгісіз.
Күрд жасақтары Иран билігіне қарсы ұзақ уақыттан бері белсенді күрес жүргізіп келеді. Олар елдің батысындағы Күрдістан провинциясында жиі шабуылдар ұйымдастырады. Сондай-ақ Ирак пен Иран шекарасында белсенді әрекет етеді.
Америкалық арнайы қызметтер бұған дейін Ирак пен Сириядағы күрд жасақтарымен белсенді жұмыс істеген. 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кіргеннен кейін, күрдтерге қаржылай, әскери және техникалық қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, Сириядағы азамат соғысы кезінде де күрдтер АҚШ қолдауымен Башар Асад режиміне қарсы соғысты.
Сарапшылар бұл бастаманың тәуекелі жоғары екенін айтады. Chatham House талдау орталығының сарапшысы Нейл Куиллиан бұл жоспардың қауіптілігіне назар аударды.
– Күрдтерге қару беру жоспары сәтсіз болуы мүмкін. Ол Иранның ішкі қақтығыстарын күшейтіп, елдегі тұрақсыздықты одан әрі өршітуі ықтимал. Мұның салдары жақсы ойластырылмағаны байқалады, – дейді сарапшы.
Қазір АҚШ әкімшілігі Иранның солтүстігіндегі күрдтерді көтеріліске итермелеуді көздеп отыр. Бұл арқылы Иран күштерін солтүстікке қарай шоғырландырып, Израильге қолайлы буферлік аймақ қалыптастыру жоспарлануда.
Президент Трамп сейсенбі күні Ирандағы Демократиялық партияның (KDPI) жетекшісі Мұстафа Хиджримен телефон арқылы сөйлесті. Сонымен қатар, Axios басылымының дерегіне сүйенсек, Трамп Ирактағы ықпалды күрд жетекшілері – Масуд Барзани және Бафел Талабанимен де байланыс орнатқан.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бірнеше айдан бері АҚШ пен күрд жасақтарының байланыс орнатуына ықпал етіп жүрген.
Сарапшы Нейл Куиллианның пікірінше, АҚШ-тың күрдтерге берген қолдауы аймақтағы серіктестерінің де наразылығын туғызуы мүмкін.
– Вашингтонның мұндай әрекеті Түркия, Ирак және Сирия сияқты аймақтағы негізгі серіктестерінің алаңдаушылығын арттырады. АҚШ күрдтерге қолдау көрсеткеннен кейін жағдай қиындаса, олар жауапкершілікті өз мойнына алмай, оңай бас тарта салуы да мүмкін, – деп ескертеді сарапшы.
Түйін
АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) мұндай операциялар жүргізудегі тәжірибесі бай. Олар соңғы ондаған жылдар бойы Ауғанстан, Ливия, Иран, Никарагуа және Вьетнам секілді мемлекеттерде оппозициялық топтарды қаржыландырып, қаруландырып, сол елдердің билігін құлатуға тырысып келгені белгілі.
Қазіргі уақытта ресми Тегеран АҚШ пен Израильдің шабуылдарына жауап ретінде көрші шығанақ елдеріндегі америкалық әскери базаларға соққы беріп жатыр. Сондай-ақ, Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) елдің батысындағы күрд жасақтарына қарсы шабуылдарды күшейтті.
Американың танымал журналисті Такер Карлсон өзінің соңғы эфирлерінде бұл соғысты «Израильдің соғысы» деп атап, қиғылықты салып жатыр. Соғыс Американың өзін де екіге жара бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







