Әлемдік мұнай бағасы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен арадағы қақтығыс жақын уақытта аяқталуы мүмкін деген мәлімдемесінен кейін төмендеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың шілде фьючерстері 4,79 пайызға арзандап, барреліне 105,94 долларға түсті. WTI маркалы мұнайдың шілде фьючерстері де 4,78 пайызға төмендеп, барреліне 99,17 доллар болды.
Нарықтағы құлдырауға Трамптың Иранмен келіссөздерге қатысты сөзі әсер етті. БАҚ дерегінше, АҚШ президенті Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен кезде делдалдар қақтығысты тоқтатуға негіз болатын келісіммен жұмыс істеп жатқанын айтқан.
Бұл құжат 30 күндік келіссөздерге жол ашуы мүмкін. Онда Иранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазын ашу мәселесі қарастырылмақ.
Reuters мәліметінше, мұнай нарығы соңғы күндері Иран соғысының аяқталуына қатысты сигналдарға бірден реакция беріп отыр. Трамп бейбіт келіссөздер соңғы кезеңге жақындағанын айтқаннан кейін Brent бағасы шамамен 5,6 пайызға төмендеген. Дегенмен кейін нарықта белгісіздік сақталып, баға қайта қозғала бастады.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент те энергия бағасының өсуі Ирандағы соғысқа байланысты уақытша құбылыс екенін айтып, қақтығыс аяқталса, нарықтағы қысым бәсеңдейді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, мұнай нарығы алдағы айларда бағаның біртіндеп төмендеуін күтіп отыр.
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға соққы бере бастаған еді. 8 сәуірде Вашингтон мен Тегеран атысты тоқтату туралы хабарлады. Кейін тараптар арасында Пәкістанда келіссөз өткенмен, нақты уағдаластыққа қол жеткізілмеді.
Соған қарамастан, АҚШ кейін Иранға қысымды күшейтіп, ирандық порттарды бұғаттау шараларын бастаған. Ормуз бұғазы төңірегіндегі белгісіздік әлі де нарық үшін басты тәуекел болып отыр. Себебі бұл бағыт әлемдік мұнай тасымалының ең маңызды артерияларының бірі саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







