Кенгандағы газ өңдеу зауыты Иран энергетика жүйесінің жүрегі әрі стратегиялық осал тұсы, деп жазады Ertenmedia.kz.
Елдегі электр қуатының үштен екісі дәл осы кешенде өңделетін табиғи газға тәуелді. Басқаша айтқанда, Кенган зауытының тоқтауы бүкіл Иранды қараңғылыққа батырмақ. Осындай аса маңызды нысанның баламасы жоқтығы Иран экономикасы үшін үлкен қауіп екенін аңғартады.
Кенган газ өңдеу кешені Парсы шығанағы жағалауындағы Бушехр провинциясында орналасқан. Бұл зауыт елдегі ең ірі табиғи газ кен орындары Оңтүстік Парс және Солтүстік Парстан өндірілетін шикізатты өңдеп, ішкі нарыққа жөнелтеді.
Кенган кешенінің қуаты орасан жылына миллиардтаған текше метр газды өңдеп, бүкіл елді электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етеді.
Иран экономикасы негізінен табиғи газға құрылған. Әлемде газды ең көп тұтынатын он елдің бірі саналатын Иранның ішкі нарығында газға деген сұраныс жыл санап артып келеді.
Сондықтан да бұл зауыт Иран үкіметі үшін экономикалық қана емес, саяси тұрақтылық пен ішкі қауіпсіздіктің кепілі саналады. Себебі зауыт жұмысын тоқтатса, электр қуаты тапшылығы бүкіл елді қамтып, әлеуметтік толқулардың туындауына алып келуі әбден мүмкін.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Израильдің Иранға ықтимал әскери соққысы дәл осы Кенган газ өңдеу зауытына бағытталуы мүмкін.
Себебі, Иранның энергетикалық инфрақұрылымындағы жалғыз осы кешенді істен шығару арқылы бүкіл мемлекетті электр қуатынан айыруға болады. Егер зауыт небәрі бірнеше күн істен шықса, электр желілері толықтай құлап, елде байланыс үзіліп, өндіріс орындары тоқтап қалады. Бұл Иран экономикасын ұзақ уақытқа созылатын терең дағдарысқа итермелейді.
Кенган зауыты елдің бүкіл газ инфрақұрылымындағы түйінді нүкте. Балама нысандардың жоқтығынан, газ жеткізу және өңдеу тізбегіндегі кішігірім ақау бүкіл энергетикалық желіні құлатуы мүмкін.
Зауыттың стратегиялық маңызын жақсы түсінген Иран билігі бұл кешеннің қауіпсіздігін нығайтуға жыл сайын миллиондаған доллар қаражат жұмсайды. Алайда, сарапшылардың айтуынша, ауқымды әрі ұзаққа созылған әуе шабуылына төтеп беру мүмкіндігі аз.
Түйін
Осы себептен де Кенган газ зауытының қауіпсіздігі Иран үшін аса өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе АҚШ немесе Израильдің ықтимал шабуылына қарсы заманауи әуе қорғанысы мен зымыранға қарсы жүйелер орнатылғанымен, олардың да белгілі бір шегі бар. Иран энергетикалық инфрақұрылымындағы осындай бір ғана кешеннің болуы елдің стратегиялық тұрғыдан ең әлсіз жері екені сөзсіз.
Кенгандағы газ өңдеу зауытына жасалған шабуыл тек энергетикалық емес, саяси дағдарысқа да ұласуы ықтимал. Мемлекеттік басқару жүйесі тоқтап, коммуникация үзілген жағдайда Иран билігі ішкі тұрақтылықты сақтау қабілетінен айырылуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Кенган газ зауыты – Иран үшін өмірлік маңызы бар әрі ең осал нысандардың бірі болып қала бермек.
Харк аралы Иранның геосаяси қарсыластарының басты нысанасына айналуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, аралға әскери соққы жасалса, Иран экономикасы орны толмас зардапқа ұшырайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







