Испанияның көрікті Коста-Брава жағалауындағы әйгілі серуен жолы 17 жылдан бері Назарбаевтар әулетінің жеке күзетінің қоршауында жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көпшілікке ортақ жағалаудағы бұл тропа Льорет-де-Мар мен Тосса-де-Мар қалалары арасындағы Кан Жункаделла деген жерде орналасқан. Әдемілігімен танымал бұл маңға қарапайым тұрғындардың жолы 2009 жылдан бері жабық.
Испания соттары соңғы 17 жылда соқпақ жолды ашуға алты рет үкім шығарғанымен, шешімдердің бірде-бірі іске аспаған.
Жергілікті экобелсенділердің дерегіне сүйенсек, қоршауды қойған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев. Олар бұл аумақты 2007 жылы Flinder Data SL деп аталатын испандық жалған компания арқылы сатып алған. Компанияны басқаратын жалғыз адам Ольга Аристова екенін Elmedia жайып салды.
Жартастағы бассейнді «өртке қарсы су қоймасы» деп атаған
Назарбаев әулеті табиғаты ерекше қорғалатын бұл аймаққа аумағы 3200 шаршы метр болатын сән-салтанатты сарай тұрғызған. Оның ішінде 17 жатын бөлме, 25 жуыну бөлмесі, сауналар, кинотеатр, шаштараз және дискотека бар. Оған қоса экологиялық аймақтың дәл ортасына тікұшақ алаңын салған.
Белсенділердің айтуынша, жергілікті тұрғындар мен туристер серуендейтін жол қоршалып, бақылау камералары мен дауыс зорайтқыштар орнатылған. Талапқа бағынбағандарды қарулы күзет пен иттер қарсы алады екен.
2023 жылы қыркүйекте SOS Lloret қозғалысының белсенділері наразылық шеруін ұйымдастырғанда, каталониялық полиция қызметкерлері күзетті емес, демонстранттардың өздерін тоқтатқан.
Каталонияның Жоғарғы соты алты рет бұл әрекетті заңсыз деп танып, Flinder Data SL-дің шағымдарын толық қайтарды. Бірақ сот шешімдері жүзеге асқан жоқ. Жағалауға құм төгіп, жекеменшік жағажай жасағандар, жартастағы бассейнді «өртке қарсы су қоймасы» деп атағандар да – Назарбаев әулеті.
2019 жылы мэрия 300 шаршы метр заңсыз салынған ғимаратты бұзуды талап еткенде, бірнеше айдан кейін оның көлемі одан сайын ұлғайған. Жергілікті мэр Хавьер Креспо бұл заңсыздықтарға көз жұма қарап келген. Кейін ол орыс мафиясымен байланысы бар кәсіпкерден пара алғаны үшін сотталған. Бірақ Құлыбаевтардың заңсыз құрылысы үшін жауапқа тартылған жоқ.
Енді не болады?
Енді 2026 жылдың 31 наурызында мэрия жаңа келісімге келгенін хабарлады. Flinder Data SL ескі жолдың орнына теңіз жағасына барынша жақын жаңа серуен жолын салуға міндеттелген. Алайда экобелсенділер бұл келісімнің орындаларына күмәнмен қарайды. Себебі дәл осындай уәдемен Назарбаев әулеті 17 жыл бұрын да жергілікті билікті алдап соққан.
Экологтардың «құрылысы аяқталғанша уақытша ескі жол ашылсын» деген өтініші қабылданбаған. Испания заңын 17 жыл бойы елемей келген Назарбаев отбасы бұл жолы да өз дегенін істеп отыр.
Батыс баспасөзі Нұрсұлтан Назарбаевтың байлығын 3,4 миллиард еуроға бағалаған. Ал осы сән-салтанаттың барлығы Қазақстанның қазынасынан ұрланған қаржыға салынғаны айтпаса да түсінікті. Әділдік орнамаған жерде әділетсіздік жайқалып тұр. Испанияның өз заңын орындауға неге қауқарсыз болғаны белгісіз күйінде қалып отыр.
Қазір бәрі бір сұрақтың жауабын іздеп жүр. Вице-президент кім болады? Осыған қатысты белгілі заңгер Айман Омарова өз версиясын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







