Жетісу облысында жастарға арналған «JASTAR INFO» ақпараттық кеңес беру пункті ашылды. Бұл бастама жас буынға қажетті ақпарат пен қызметтерді бір жерге шоғырландырады. Олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, құқықтық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік қолдауды тиімді пайдалануына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа пункттің ашылуына орай ұйымдастырылған шараға өңірдің жастар саясатына жауапты тұлғалар мен белсенді жастар қатысты. Жиналғандарға орталық жұмысының негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, мұнда мамандық таңдау, оқу орындарына түсу, заңгерлік кеңес алу, жұмыспен қамту, NEET санатындағы жастарға қолдау көрсету секілді маңызды бағыттар қамтылады.
«Jetisu jastary» КММ директоры Шамиль Ванкеевтің айтуынша, бұл пункт жастардың өмір сапасын арттырып, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ.
– Біздің басты мақсатымыз жастарға кәсіби мамандардан тегін әрі сапалы кеңес беру. Осы арқылы жастардың білімі мен еңбек нарығына бейімделуіне, құқықтық сауатын арттыруға жағдай жасалады. «JASTAR INFO» пункті жастар мен мемлекеттік қолдау арасында мықты көпір болады деп сенемін, – деді Шамиль Ванкеев.
Шараға қатысқан жастар да жаңа орталықтың маңыздылығын атап өтті.

– Маған бұл пункттің ашылуы өте қуанышты жаңалық болды. Болашақ мамандықты дұрыс таңдап, сапалы білім алу үшін нақты ақпарат қажет. Осында келген соң өзіме керекті кеңестерді ала алдым. Осындай орталықтардың саны артса екен, – дейді студент Аида Карабаланова.
Жұмыспен қамту бағыты бойынша кеңес алған Даниярдың айтуынша, «JASTAR INFO» арқылы ол еңбек нарығының талаптарын түсініп, жұмысқа орналасуға деген сенімі артқан.
– Мұнда бос жұмыс орындары туралы нақты ақпарат алып, түйіндеме дайындау мен сұхбаттан өту дағдыларын үйрендім. Бұл мен сияқты жастардың болашақта табысқа жетуіне көмектеседі деп ойлаймын, – дейді Данияр.
Жастардың барлық сұрағына жауап беретін «JASTAR INFO» ақпараттық пункті енді Жетісу өңірінің әрбір жас азаматына ашық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







