Ғалымдар алкогольдің салдарынан зақымданған бауырды қалпына келтіруде лактобактериялардың маңызды рөл атқаратынын анықтады. Бұл туралы Қытайдың Цзилинь ауыл шаруашылығы университетінің мамандары жүргізген зерттеу нәтижелері көрсетті. Олар өз тәжірибелерін Journal of Medicinal Food ғылыми журналында жариялаған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Лактобактериялар ашыған сүт өнімдерінің негізгі құрамдас бөлігі. Олар йогурт, айран, қатық, қаймақ, сүзбе секілді тағамдарда кездеседі. Сонымен қатар, пробиотиктер құрамында да болады. Пробиотиктер ішектің микрофлорасын реттеп, иммунитетті нығайтады. Соның ішінде ең кең таралған штамм – Lactobacillus rhamnosus (Лактобактерий рамнозус).
Бұған дейін ғалымдар Lactobacillus rhamnosus бактериясының ішек қабырғасының қорғаныш қасиетін күшейтіп, иммунитетті жақсартатынын және бауырдағы липид алмасуын реттейтінін анықтаған. Осы жолғы зерттеудің мақсаты бұл бактериялардың алкогольден зақымданған бауыр жасушаларын қайта қалпына келтіру мүмкіндігін тексеру болған.
Ғалымдар зертханалық тышқандарды екі ай бойы алкогольмен қоректендіріп, соңғы екі аптада оларға Lactobacillus rhamnosus гранулаларын түрлі дозалармен қосымша берген. Гранулалар құрамында крахмал, майсыз құрғақ сүт, сарысу ұнтағы, микрокристалды целлюлоза, мальтоза және ферменттелген L. rhamnosus сұйықтығы болды. Сонымен бірге тышқандарға майлы тағамдар да берілген.
Екі ай бойы алкоголь қолданған тышқандардың ішегінде пайдалы лакто- және бифидобактериялардың саны азайып, патогенді микроағзалар көбейген. Сондай-ақ ішектегі қышқылдық деңгейі төмендеген.
Ал пробиотик гранулаларын қабылдай бастаған соң, тышқандардың ішек микрофлорасы қалпына келе бастаған. Сонымен қатар, бауырдағы майдың жиналуы мен қабыну процесі азайған. Грамтеріс бактериялардың саны төмендеп, грамоң бактериялар көбейген. Липополисахарид мөлшері де азайған.
Зерттеушілердің пікірінше, лактобактериялар алкогольдік дисбактериозды жойып, бауырда майдың жиналуы мен қабынуын төмендетеді. Олар бұл нәтижелер болашақта жаңа емдік препараттарды әзірлеуге септігін тигізетініне сенімді. Осылайша, лактобактерияларға бай ашыған сүт өнімдерін тұрақты тұтыну бауырдың саулығын сақтап, қалпына келтіруге көмектеседі.
Жаңғақ адам ағзасына өте пайдалы тағамдардың бірі. Оның құрамында дәрумендер, минералдар және пайдалы майлар көп. Бірақ жаңғақты дұрыс мөлшерде тұтыну маңызды, әйтпесе пайдасының орнына зияны болуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







