Елордада табысты жүзеге асырылып келе жатқан «JOLTAP» әлеуметтік жобасы халықтың табысын арттыруға бағытталған тиімді әдіс ретінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. 2023 жылдан бері Астана қаласы әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоры бірлесіп іске асырып жатқан бұл жоба бүгінде мыңдаған адамның өмірін өзгертуге ықпал етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба қарапайым халыққа қысқа мерзім ішінде жаңа мамандықты игеріп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді. Ол Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруге бағытталған.
Екі жарым жыл ішінде «JOLTAP» жобасы бойынша 18,8 мыңнан астам адам кәсіби курстардан өткен. Оның ішінде 10 мыңнан астамы қала кәсіпорындарына тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді. Ең қызығы, жобаға қатысқан түлектердің 1,5 мыңға жуығы өз кәсіптерін бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Олар шағын тігін цехтарын, кофеханалар мен автосервистерді іске қосып, табыстарын еселеп жатыр.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – жұмыс берушілермен тікелей байланыста дайындалған авторлық бағдарламалары. Бұл курстар практикалық сипатқа ие және еңбек нарығындағы нақты сұраныстарға жауап береді. Қазіргі уақытта қатысушылар наубайшы, тігінші, электр-газбен дәнекерлеуші, электромонтажшы сияқты 12 жұмысшы мамандық және жасанды интеллект, нейрожелілерді қолдану сияқты 6 цифрлық бағыт бойынша білім алуда.
Бағдарламалардың қысқа мерзім ішінде нақты дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретіні халықаралық сарапшылардың да назарын аударып отыр. Мысалы, Түркия мен Өзбекстанның өкілдері жобамен танысып, оның практикалық тиімділігі мен инновациялық тәсілдеріне жоғары баға берді.
Қазір JUMYSTAP.KZ платформасында 4 мыңнан астам жұмыс беруші тіркеліп, 5 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Бұл – жобаның еңбек нарығындағы нақты сұраныстармен тығыз интеграцияланғандығының көрінісі.
Жоба түлектері кәсіби қауымдастықтарға бірігіп, тәжірибе алмасуға, бірлескен тапсырыстарды орындауға мүмкіндік алады. Мұның барлығы қатысушылардың кәсіби тұрғыда өсуіне және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасайды.
«JOLTAP» жобасы еңбек нарығында жаңа трендтер қалыптастырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға нақты үлес қосып отыр. Бұл – еліміздегі жұмыссыздықты азайту және адамдарды жаңа өмірге бейімдеудің нақты қадамы. Жоба туралы қосымша ақпаратты +7 707 221-31-31 байланыс телефоны арқылы алуға болады.
Астанада жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Енді қала тұрғындары үшін Мансап орталығы үш бірдей мекенжайда жұмыс істеп, жұмыспен қамтуға қатысты қызметті аудандық қағидаға жақындатып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







