Қазақстанда кәсіпкерлердің қолма-қол ақша алуына қатысты жаңа лимиттер енгізілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өзгерістің жеке кәсіпкерлерден бастап ірі компанияларға дейінгі барлық бизнес субъектілеріне тікелей қатысы бар. Ал жеке тұлғалар өздерінің жеке шоттарын пайдалану кезінде әзірге бұл шектеулерге түспейді. Әрі олардың деректері автоматты түрде салық органдарына берілмейді.
Жаңа лимит қалай жұмыс істейді?
Енді жаңа ережелер бойынша банктер кәсіпкерлерге қолма-қол ақша алу бойынша ай сайынғы лимиттер орнатады. Белгіленген соманың көлемінде кәсіпкерлер ешбір қосымша рұқсатсыз қаражатты еркін ала алады.
Алайда, егер қолма-қол ақша алу сомасы белгіленген лимиттен асып кетсе, банк клиенттен:
ақшаның қандай мақсатқа алынатынын түсіндіруді;
растайтын құжаттарды ұсынуды;
мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберуге келісім беруді талап етеді.
Мұндай шаралар ірі көлемдегі қаржы операцияларын бақылауға және салық төлеуден жалтару тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Лимиттен асқан жағдайда тексеру қалай жүргізіледі?
Егер клиент лимиттен жоғары соманы алуға өтініш берсе, банк салық органдарына тиісті мәліметтерді жібереді. Осыдан кейін:
салықтық тәуекелдердің бар-жоғы;
салық заңнамасын айналып өтуге бағытталған күмәнді операциялар анықталады.
Егер аталған тәуекелдер анықталса, банк қолма-қол ақшаны беруден бас тартуға құқылы. Ал егер Мемлекеттік кірістер комитеті белгіленген мерзім ішінде жауап бермесе, банк клиентке ақша беруге міндетті болады.
2026 жылы кәсіпкерлерге арналған лимит мөлшері:
Шағын бизнес – айына 20 млн теңгеге дейін;
Орта бизнес – айына 120 млн теңгеге дейін;
Ірі бизнес – айына 150 млн теңгеге дейін.
Осы аталған сомалар көлемінде кәсіпкерлер қосымша тексерусіз қаражат ала алады. Жаңа тәртіп жеке кәсіпкерлерді және барлық бизнес субъектілерін қамтиды.
Кәсіпкерлер есте сақтауы тиіс жайттар:
Жеке тұлғалар өз шоттарынан ақшаны еш шектеусіз ала алады;
Лимиттен асқан жағдайда қосымша құжаттар мен салық органдарының тексерісі қажет;
Белгіленген тәртіптің сақталмауы қолма-қол ақша беруден бас тартуға әкелуі мүмкін.
Өзгерістер бизнес операцияларының ашықтығын арттыруға және салық тәуекелдерін тиімді бақылауға бағытталған.
Осыдан біршама уақыт бұрын Қаржымин Мәди Тәкиев жаңа Салық кодексі салдарынан кәсіпкерлер жаппай шетелге кетеді деген алып-қашпа әңгімені теріске шығарғаны есімізде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







