Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді дамуы экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл салада өндірілген өнім көлемі 2,6 триллион теңгені құрап, 138,8%-ға артып, айтарлықтай жоғары көрсеткішке жетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өткен жылы кәсіпкерлік нысандардың 343 жобасына жан-жақты қолдау мен сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.
Осы іс-шаралардың нәтижесінде аймақта 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бүгінгі күні 300 мыңға жуық адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында тұрақты еңбекпен қамтылған. Өңір тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мұндай көрсеткіштер өте маңызды.
Кәсіпкерлік белсенділікті одан әрі арттыру үшін жергілікті билік жеңілдетілген несие беру бағдарламаларын жүзеге асырып отыр. Соның бірі – «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» аясында 2025 жылы облыс кәсіпкерлеріне жалпы сомасы 24,5 млрд теңге несие берілген. Ал, тамыз айында іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер 12,6%-бен несие алуға мүмкіндік алды, қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша 11 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерді қаржыландыру көлемін 85 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің шығынын азайтып, уақытын тиімді пайдалануы үшін облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өндірістік парктер жобасы іске асырылуда. Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 214 гектар болатын 25 шағын өндірістік алаңдар жұмыс істеп тұр.
Бүгінде бұл алаңдарда 258 өндірістік ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 45 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жоба сәтті іске қосылған. Аталған жобалардың қатарында «UBC Group» тоңазытқыштар өндіретін зауыты, «Aqniet Holding» жиһаз фабрикасы және суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» компаниясы бар.
Сонымен қатар, сауда саласы да өңір экономикасының маңызды бағыты ретінде қарқынды дамып келеді. Былтыр сауда саласында 913,7 млрд теңгеге қызмет көрсетіліп, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республика деңгейінде көш бастады.
Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Тұрақтандыру қорына» жалпы сомасы 7,2 млрд теңгені құрайтын 22 мың тонна өнім жиналған. Былтыр облыс аумағында ұйымдастырылған 491 жәрмеңке барысында 10 мың тоннадан астам өнім халыққа қолжетімді бағада ұсынылды.
Түйін
Биылғы жылы осындай жәрмеңкелер санын 800-ге дейін жеткізу көзделуде. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарды қолдау мақсатында әлеуметтік дүкендер санын 40-қа дейін көбейту жоспарланған.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында арнайы құрылған 20 жұмыс тобы тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыр. Өткен жылы бағаны заңсыз өсірген сауда нысандарына қатысты 75 әкімшілік шара қабылданған. Осы шаралар облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және бағаның тұрақты болуына айтарлықтай септігін тигізуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысындағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы экономикалық тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттыруға айқын жол ашып отыр.
Айтқандай Түркістан облысында 15 наурыз республикалық референдум күні бірқатар қалаларда қоғамдық көлік халыққа тегін қызмет етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







