Соңғы уақытта кальян шегу көптеген адамдардың сүйікті ермегіне айналғанымен, оның зиянды тұстары туралы ақпарат кең таралмаған. Мамандардың зерттеулері кальян шегудің адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретінін ескертеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кальян шегудің зиянды тұстары туралы кеңірек тоқталып өтсек:
Денсаулыққа зиянсыз деген жаңсақ пікір. Көп адам кальянды зиянсыз деп есептейді. Шын мәнінде, мамандардың зерттеуіне сүйенсек, бір сағаттық кальян шегу барысында адам өкпесіне темекі шеккеннен 100-200 есе көп түтін кіреді.
Қауіпті канцерогендердің көптігі. Кальян түтінінде қарапайым темекідегі түтінге қарағанда көміртек тотығы мен басқа да қауіпті канцерогендер әлдеқайда көп болады. Бұл өкпе аурулары мен қатерлі ісік пайда болу қаупін айтарлықтай арттырады.
Түтіннің терең тыныс жолдарына енуі. Кальян түтінін тарту кезінде күш салуға тура келетіндіктен, түтін өкпенің терең бөліктеріне дейін жетеді. Бұл өкпенің төменгі бөліктерінің зақымдануына әкеп соғуы мүмкін.
Инфекциялық ауруларды жұқтыру қаупі. Кальян әдетте компаниямен шегіледі және мундштук ортақ қолданылады. Бұл герпес, гепатит сияқты сілекей арқылы жұғатын инфекциялық аурулардың таралуына жол ашады.
Сапасыз өнімдермен улану қаупі. Темекі сапасы, көмірдің құрамы және жану температурасы кальян түтінінің зияндылығын күшейтеді. Сапасыз көмір мен темекі бас айналу, жүрек айну, тіпті улану жағдайларына әкелуі мүмкін.
Алкогольмен біріктіріп қолдану зияндылықты күшейтеді. Кальян шегу жиі алкогольдік сусындармен бірге жүреді. Кейбір жағдайда кальян тіпті шарап, коньяк, абсент сияқты алкогольмен дайындалады. Бұл зиянды заттардың организмге тереңірек және жылдам сіңуіне ықпал етіп, денсаулыққа тигізер кері әсерін одан әрі арттырады.
Халықаралық стандарттардың жоқтығы. Темекі өндірісінде сапаны бақылайтын халықаралық стандарттар бар болса, кальянға қатысты мұндай жүйе жоқ. Сондықтан кальян құрамының зияндылық деңгейі әр жерде әртүрлі, әрі оны анықтау қиындық туғызады.
Осылайша, зиянсыз демалудың бір түрі ретінде танылған кальян шын мәнінде денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізіп, түрлі ауыр зардаптарға себепші болатыны анықталды. Сондықтан оның қауіптілігі туралы ақпараттандыру және халық арасында түсіндіру жұмыстары маңызды міндет болып отыр.
Айтқандай, ұйқы шақыратын 7 тағамды білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







