Венесуэладағы әскери операциядан кейін Дональд Трамптың араны ашыла түскендей, деп жазады Ertenmedia.kz.
Америка президенті енді Гренландияны АҚШ құрамына қосуды жоспарлап отырғанын ашық айтты. Журналист Майкл Шерерге телефон арқылы берген сұхбатында Трамп Венесуэланың Америка араласқан соңғы ел еместігін ашық меңзеді. Оның айтуынша, Данияға қарайтын Гренландия аралы қазірдің өзінде «ресейлік және қытайлық кемелердің қоршауында» тұр.
Сонымен қатар, осы сұхбат барысында Дональд Трамп Венесуэланың қазіргі басшысы Делси Родригес АҚШ-пен әріптестік орнатудан бас тартса, өте қиын болатынын ескертті. «Оның жазасы Мадуродан да ауыр болады» – деп айбат шекті АҚШ президенті.
Chatham House талдау орталығының халықаралық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Мариано Агирре Эрнсттің пікірінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін келесі кезекте Куба тұрғанын бірнеше рет меңзеген. Ал Гренландия туралы әңгімелер соңғы айларда жиілеген.
Сарапшы Эрнсттің айтуынша, Трамп өз әкімшілігі толықтай «өз» аймағын бақылауға алып, әлемді АҚШ, Қытай және Ресей арасында бөлуді көздейді. «Трамп үшін Америка ықпалының аймағы Гренландиядан Патагонияға дейін созылады. Вашингтон осы кеңістіктегі пайдалы қазбаларды толығымен өз бақылауына алғысы келеді» – дейді сарапшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

