Испания археологтары 2200 жыл бұрын өмір сүрген пілдің сүйегін тапты. Мамандардың айтуынша, бұл сүйек кезінде Римге басып кірген әскердің «соғыс машинасына» тиесілі болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Испанияның оңтүстігіндегі Кордова қаласының маңындағы Колина-де-лос-Кемадос қазба орнынан табылған тобық сүйегіне радиокөміртекті зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, бұл піл б.з.д. IV ғасырдың басы мен III ғасырдың соңында өмір сүргені анықталды.
Сол кезеңде қазіргі Тунис аумағында орналасқан Карфаген мемлекеті Жерорта теңізіндегі ықпал үшін Рим Республикасымен күрес жүргізіп жатқан болатын. Тарихи деректер бойынша, карфагендіктер соғыс барысында пілдерді белсенді пайдаланған. Атақты қолбасшы Ганнибалдың 37 пілді Испания мен Франция арқылы жүргізіп, Альпі тауларын кесіп өтіп, Италияға басып кіруге тырысқаны белгілі.
Ганнибал әскерінің пілдері туралы тарихи жазбаларда жиі айтылғанымен, Батыс Еуропада олардың физикалық дәлелі бұрын табылмаған еді. Табылған сүйек екінші Пуни соғысының (б.з.д. 218-201 ж.) уақытымен сәйкес келеді. Сондай-ақ археологтар сүйек жанынан 12 тас ядро тапты. Мамандардың пайымдауынша, бұл сүйек пен тастар соғыс кезінде қолданылған болуы мүмкін.
Зерттеу авторы, Мадридтегі автономды университеттің археологы Фернандо Кесада-Санстың айтуынша, соғыс пілдері әскери беделмен қатар психологиялық қару ретінде де қолданылған.
– Бұл жануарлар шайқас кезінде жау әскеріне қорқыныш ұялатқан. Олар әсіресе атты әскер мен жаяу әскер қатарын бұзуға таптырмас құрал болды. Тіпті жау бекінісіне тікелей шабуылда да алдыңғы шеп ретінде пайдаланылды, – дейді ол.
Фернандо Кесада-Санстың ойынша, бұл сүйек карфагендік армия құрамындағы пілдің Еуропа аумағынан алғаш рет табылған физикалық дәлелі. Оның пікірінше, бұл Ганнибал Италияға аттанар алдында Иберияда қалдырған 21 пілдің біреуіне тиесілі болуы мүмкін.
Кардифф университетінің археологы Ева Макдональдтың айтуынша, бұл табылған жәдігер – карфагендіктердің Иберия түбегіне пілді әкелгені туралы тарихи жазбаларға нақты дәлел.
– Археологиялық деректердің тарихи жазбалармен сәйкес келуі біз үшін аса маңызды. Ганнибалдың Альпі тауларынан пілдермен өткені туралы аңыз мыңдаған жылдар бойы адамдардың қызығушылығын тудырып келеді, – деді Макдональд.
Ғалымдар бұл сүйек тек алғашқы қадам екенін айтады. Болашақта Испания, Франция және Италия мұражайларындағы археологиялық қорларды қайта тексеру арқылы жаңа дәлелдер табылуы мүмкін.
Ғалымдар адамзат тарихына қатысты маңызды жаңалық ашты. Олардың зерттеушінше, алғашқы адамдар құрлықпен ғана емес, теңіз арқылы да қоныс аударғаны белгілі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







