АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери қимылдары әдетте ядролық қауіпсіздік пен аймақтық тұрақтылықты сақтау мақсатымен түсіндіріледі. Алайда соңғы оқиғалар мұның артында әлдеқайда терең әрі күрделі мүдде жатқанын байқауға болады. Мәселе капиталистік экономиканың басты тірегі саналатын мұнайдың қауіпсіз тасымалына байланысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы уақытта АҚШ Ирандағы маңызды мұнай экспорттайтын Харг аралына шабуыл жасады. Аталмыш арал Иранның негізгі мұнай терминалы, әлемдік мұнай нарығындағы маңызды нүктелердің бірі. Әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі дәл осы аумақ арқылы өтетін Ормуз бұғазына жақын орналасқан. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген қақтығыс әлемдік мұнай нарығына бірден әсер етеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл операцияны ашық қолдап, Американың тек әскери нысандарға ғана соққы бергенін мәлімдеді. Бірақ мұнай инфрақұрылымына ешқандай зиян келмегенін ерекше атап өтті. Осы арқылы АҚШ басты экономикалық нысандарды сақтап, мұнай тасымалына қауіп төндірмейтінін білдіргендей.
Бұл – кездейсоқ емес, әдейі таңдалған стратегия. «Бұл жерде мәселе толыққанды соғыс емес, мұнай тасымалын қамтамасыз ету туралы болып отыр», – дейді сарапшылар.
Бұл жағдайды түсіну үшін тарихқа үңілген жөн. 1980 жылы АҚШ-та жарияланған Картер доктринасы Парсы шығанағындағы мұнай тасымалы АҚШ-тың өмірлік мүддесі екенін айқын белгілеген еді. Содан бері энергетикалық қауіпсіздік АҚШ-тың сыртқы саясатындағы ең маңызды стратегиялық басымдықтарының біріне айналды.
Осыған байланысты Трамп әкімшілігінің басқа елдердегі әрекеттерін де осы логика тұрғысынан қарастыруға болады. Мысалы, Венесуэладағы Николас Мадуро режиміне қарсы санкциялар демократия мен коррупцияға қарсы күрес деп түсіндірілгенімен, оның астарында Венесуэланың әлемдегі ең ірі мұнай қорына бақылау орнату мақсаты тұр. Егер бұл елде АҚШ-қа бүйрегі бұрып тұратын үкімет орнаса, онда Венесуэла мұнай өнеркәсібі Батысқа қарай қайта бағытталуы мүмкін.
Тіпті Ресеймен геосаяси қайшылық жағдайында АҚШ кейде мұнай тасымалы үшін белгілі бір келісімдерге келуге дайын екенін байқатты. Сондықтан мұнай тасымалының тұрақтылығы геосаяси мүддеден де маңызды екенін көруге болады.
Қазір әлемде тек мұнай ғана емес, болашақ технологиялар мен энергетика жүйелері үшін маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдар да стратегиялық мәнге ие. Мысалы, Трамп Гренландияны сатып алу идеясын көтергенде, оның басты мақсаты аймақтағы сирек кездесетін минералдар мен мұнай-газ ресурстары болатын.
Украинадағы сирек минералдарға деген қызығушылық та осыған ұқсас логикаға бағынады. АҚШ технологиялық көшбасшылығын қамтамасыз ету үшін осындай минералдарды бақылауға алуға мүдделі. Трамп әкімшілігінің сыртқы саясаты көбіне осындай ресурстарды бақылауға негізделген. Ол мұны «эксплуататорлық империализм» деп атады.
Контект
Қазіргі заманда да мұнай әлемдік экономиканың басты факторы болып қала береді. Инфрақұрылымдар – мұнай құбырлары, порттар, терминалдар мен зауыттар – геосаяси тұрғыда стратегиялық мәнге ие. Харг аралына жасалған шабуылдың мұнай инфрақұрылымын әдейі айналып өтуі, осы саясаттың нақты мысалы.
Иранға қарсы соғыс тек ядролық қару мәселесі емес, мұнай тасымалын үздіксіз қамтамасыз ету күресінің бір бөлігі. Бұл қақтығыстың артында әлемдік капиталистік жүйенің энергетикалық арналарын басқаруға деген ұмтылыс жатыр.
Әлемдік экономикаға қажетті энергетикалық арналардың тұрақтылығы АҚШ пен Израиль үшін бірінші орында тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Харг аралына шабуыл Иранға ғана емес, әлемдік нарыққа бағытталған нақты ескерту.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







