Каспий теңізін зерттеу мен сақтап қалуға Үкімет резервінен 1,1 млрд теңге бөлінеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер Бектенов қол қойған қаулы бойынша аталған қаражат «Қазақ ғылыми-зерттеу Каспий теңізі институтына» бағытталады. Бөлінген ақша теңіздің қазіргі жай-күйін тереңірек зерттеуге арналған арнайы техникалық құралдарды сатып алуға бағытталады. Сондай-ақ гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалмақ.
Зертханалар мамандарға теңіз акваториясында жүйелі түрде бақылау жүргізіп, судың құрамы, климаттың өзгеруі және биологиялық ресурстардың жағдайы туралы жан-жақты әрі нақты мәліметтер алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар институт көрші мемлекеттердегі әріптестерімен байланысты нығайтып, Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми орталықтарының қауымдастығына кіріп үлгерді.
Қазір Қазақстанмен бірге Каспий жағалауындағы Түрікменстан, Ресей, Әзірбайжан және Иран да теңіз деңгейінің күрт төмендеуіне алаңдап отыр. Экологтар теңіздің тайыздануын климаттық өзгерістер мен антропогендік факторлардың ұштасуымен байланыстырады.
Үкіметтің хабарламасында қаржының мақсатты жұмсалуына Қаржы министрлігі тарапынан қатаң бақылау қойылатыны да айтылды.
Бұған дейін президент Тоқаев түркі елдерін осынау өзекті мәселені шешу үшін күш біріктіруге шақырған болатын. Ал Баку теңіздің тартылуын Кремльден көріп отыр. Әзербайжан экология вице-министрі Рауф Гаджиев Reuters агенттігіне берген сұхбатында соңғы уақытта теңіз деңгейінің төмендеуі тіпті жылдамдай түскенін мәлімдеген.
Оның сөзінше, кейінгі бес жылдың өзінде ғана теңіз деңгейі шамамен 1 метрге жуық төмендеген. Ал соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 1,5 метр, 30 жылда 2,5 метрге дейін жеткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

