Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық кабель тарту жобасы сәтті іске асуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев халықаралық маңызы зор осы жобаның келешегі туралы баяндады. Оның айтуынша, Каспий теңізінің түбімен жүргізілетін оптикалық талшықты байланыс желісінің құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.
Министр бастаманың стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстан Еуропа мен Азияның ортасында орналасқандықтан, халықаралық интернет-трафик транзитінде маңызды орын алады.
Жобаның басты мақсаты осы транзиттік әлеуетті одан әрі арттыру. Оптикалық кабель Қазақстанның Ақтау қаласы мен Әзербайжанның Сумгаит шаһарын жалғамақ. Қазіргі таңда қос ел арасындағы теңіз түбі арқылы салынатын желінің ұзындығы шамамен 380 шақырымды құрайды.
Өткен жылдың тамыз айында «Қазақтелеком» мен Әзербайжанның AzerTelecom компаниясы кабель тарту үшін теңіз түбінде арнайы инженерлік-іздестіру жұмыстарын қолға алған еді.
Алғашқы жұмыстардың өзі жобаның негізгі кезеңдерінің бірі саналады. Жалпы жоба толық іске қосылғанда, деректерді тасымалдау жылдамдығы 400 терабит/секундқа дейін жетеді деп күтілуде.
Транс-Каспий талшықты-оптикалық желісі қос елдің цифрлық даму әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ аймағы арасындағы интернет байланысын жақсартуға ықпал етпек. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық интернет-трафик нарығында маңызды хабқа айналады.
Жуырда бизнесмен Тимур Турлов иелік ететін Freedom Telecom құрамына енген Astel компаниясы Starlink спутниктік байланысының ресми реселлері атанды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

