Таяу Шығыстағы қақтығыс жаңа деңгейге шықты. Иранның Сауд Арабиясы, БАӘ және Катардағы энергетикалық нысандарға жасаған соққылары аймақтық шиеленісті ғана емес, әлемдік энергетикалық тепе-теңдікті де бұзды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл шабуыл Израильдің Ирандағы «Оңтүстік Парс» газ кен орнына жасаған соққысына жауап ретінде жүзеге асқан. Осылайша тараптар алғаш рет мұнай-газ инфрақұрылымын тікелей нысанаға ала бастады.
Катардағы Ras Laffan индустриалды кешені айтарлықтай зақым алған. Бұл әлемдегі сұйытылған газ экспортының ең ірі орталықтарының бірі. Оның үлесіне жаһандық СПГ саудасының шамамен 20 пайызы тиесілі. Сарапшылардың бағалауынша, мұндай соққы тек аймақтық мәселе емес. Бүкіл әлемдік газ нарығына тікелей әсер ететін фактор.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл жағдайға қатысты «Израильдің нақты бұл шабуылы туралы білмедік» деп мәлімдеді. Бірақ сонымен бірге Иранға ескерту жасап, Катарға қайта соққы берілсе, «Оңтүстік Парсқа» кең ауқымды жауап болатынын жеткізді.
«Оңтүстік Парс» – әлемдегі ең ірі газ кен орындарының бірі. Оның екінші бөлігі Катар аумағындағы «Солтүстік» кен орны. Бұл екі нысан бірге әлемдік газ қорының үштен бірін құрайды. Иран үшін бұл кен орны стратегиялық маңызға ие. Ол елдің ішкі газ тұтынуының шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан өндірістегі кез келген үзіліс ел ішіндегі энергетикалық дағдарысты күшейтуі мүмкін.
Ras Laffan индустриясының күйреуі
Ал Катар үшін жағдай одан да күрделі. Елдің негізгі табысы газ экспорты. Азия нарығына бағытталған жеткізілімдердің басым бөлігі осы Ras Laffan арқылы өтеді.
Сонымен қатар бұл кешен гелий өндірісінде де маңызды рөл атқарады. Гелий – жартылай өткізгіштер өндірісінде қолданылатын стратегиялық ресурс. Қақтығыс басталғалы бері Ормуз бұғазы да іс жүзінде жабылып қалды. Бұл әлемдік мұнай мен газ тасымалына үлкен соққы болды. Бұғаз арқылы жаһандық энергия тасымалының шамамен 20 пайызы өтеді.
Сарапшылардың айтуынша, енді мәселе тек тасымалдауда емес. Өндіріс нысандарының өзі зақымданғандықтан, қалпына келтіру бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін.
Нәтижесінде мұнай мен газ бағасы күрт өсті. Кей сәтте газ бағасы 1000 текше метр үшін 850 долларға, ал мұнай баррелі 112 долларға дейін жетті. Deutsche Bank сарапшысы Джим Рейдтің пікірінше, соғыстың жаңа кезеңі. Енді негізгі қауіп инфрақұрылымның жүйелі түрде бұзылуы.
ING сарапшылары Уоррен Паттерсон мен Эва Мантейдің айтуынша, қазіргі жағдайда нарықтағы белгісіздік тек Ормуз бұғазына емес, зақымданған нысандарды қалпына келтіру уақытына да байланысты. Жалпы алғанда, бұл жағдай энергия нарығында ұзақ мерзімді тұрақсыздық қаупін күшейтті. Әлем экономикасы үшін бұл – жаңа тәуекел кезеңінің басталуы.
Ирандағы мұнай зауыттарында болған жарылыстардан кейін атмосфераға улы заттардың таралуы туралы ақпарат күшейді. Мұндай ластану салдары қышқыл жауынға (acid rain) әкеліп, оның әсері Орталық Азияға дейін жететінін айта бастады. Бұл құбылыстың біз үшін табиғатын, оның қаупін және ықтимал салдарын түсіну маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







