Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ерекше қылмыстық іс қаралғанын Михаил Козачков алға тартты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысындағы «Kaz Ceramics» кәсіпорны Беларусь еліне бериллий оксидінен жасалған өнімдер экспорттаған. Тергеу мен соттың пайымдауынша, бұл тауарлар жаппай қырып-жою қаруын жасауға қолданылуы мүмкін екен
– 2024 жылы «Kaz Ceramics» зауытынан жұмыстан шығарылған Юрий Падалко есімді азамат құқық қорғау органдарына келіп, кәсіпорын «көрші мемлекетке қару-жарақ бөлшектерін жеткізіп жатыр» деп мәлімдеген. Оның мәліметтерінің дереккөзі, өз сөзімен айтқанда, зауыттың темекі шегетін орнында болған әңгімелер екен, – дейді Михаил Козачков.
Осы хабардан кейін Ресей шекарасында Беларуське бағыт алған «Газель» көлігі ұсталды. Оның ішіндегі «Kaz Ceramics» өнімдері контрабандалық тауар ретінде рәсімделіп, іс қозғалды. Кәсіпорынның басшысы Бейбіт Жеңісов пен оның коммерциялық директоры Эльдар Дүскеновке «контрабанда» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу» бойынша айып тағылды.
Тергеу барысында өнімдердің бериллий оксидінен жасалғаны дәлелденді. Бірақ ең басты сұраққа, яғни бұл өнімдерден ядролық қару жасау мүмкін бе деген мәселеге ешбір сарапшы анық жауап бере алмаған. Беларусь елінен келген мамандар да бұл өнімдер медицина саласында қолданылатын МРТ және КТ аппараттарына қажетті екенін мәлімдеді.
Кейін сотта тергеушілер тағы да сарапшыларды шақырды, бірақ ешқайсысы тауарлардың әскери мақсатта пайдаланылатынын растамады. Керісінше, мамандар бұл бөлшектерден ядролық қару жасау мүмкін еместігін ашық айтты.
– Тағы бір таңғаларлық жағдай, сот бұл іс бойынша басты дәлел ретінде Жеңісовтің достарымен мессенджердегі әзіл-қалжың әңгімелерін алған. Сот отырысына келген досы тіпті: «Бейбіт кейде әңгімені қыздырып, артық айтуы мүмкін», – деп ақталғанымен, сот мұны назарға алмады, – дейді Михаил Козачков.
Бұл істің ең маңызды тұсы бериллий оксидінен жасалған керамика бұйымдарының арнайы мемлекеттік лицензияны қажет етпейтіні еді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен, МАГАТЭ мақұлдаған экспорттық бақылау тізімінде бұл өнімдер шектеусіз экспорттала беретін тауарлар қатарында тұр.
Алайда, судья Қаламқас Салбанова аталған дәлелдерді елемей, Жеңісов пен Дүскеновті кінәлі деп тапты. Бірақ олар амнистияға байланысты жазадан босатылды. Нәтижесінде сот шешімі мен ресми мемлекеттік органның қаулысы арасында қарама-қайшылық туындады.
– Енді қызығы, кімнің шешімі дұрыс. Ресми мемлекеттік органның экспорттауға рұқсат берген құжаты ма, әлде темекі тартатын жерде айтылған әңгімеге негізделген сот үкімі ме? Бұл мәселені Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сатысы қайта қарайды. Олардың қандай шешім шығаратыны бүкіл кәсіпорынның тағдырын шешпек, – деп түйіндеді Михаил Козачков.
Танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресей аумағына кіруге жарты ғасырлық тыйым салынды. Кремль билігі бұған әзілкештің соғысқа қатысты сыны мен қаржылық заңмананы бұзуын себеп қылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

