Орталық Азия елдерінде Құрбан айт қарсаңында қой бағасы айтарлықтай өсті. Өзбекстанда қой бағасы орта есеппен 5-6 млн сумға жеткен. Теңгеге шаққанда шамамен 197-236 мың теңге, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қырғызстанда құрбандыққа шалынатын жас тоқты 18-25 мың сом аралығында сатылып жатыр. Бұл шамамен 97-138 мың теңге. Ал үлкенірек қойлардың бағасы 28-35 мың сомға дейін жетіп, 154-193 мың теңге шамасында бағалануда.
Тәжікстанда бір қойдың орташа бағасы 3,5-5 мың сомони аралығында. Бұл 182-260 мың теңге шамасында. Түрікменстандағы құрбандық қойларының биылғы бағасы туралы ашық ақпарат жарияланбаған.
Қазақстанда баға өңірге қарай қатты құбылады. Ел ішінде ең арзан және ең қымбат қой арасындағы айырмашылық 140 мың теңгеге дейін жетеді. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қарағанды, Орал және Шымкент қалаларында қой бағасы 60 мың теңгеден басталады.
Ең жоғары баға Түркістан қаласында тіркелген. Мұнда қой 70 мыңнан 200 мың теңгеге дейін сатылып жатыр. Сатушылар баға айырмасын мереке қарсаңындағы сұраныстың артуымен, малдың салмағы, тұқымы және күтіміне байланыстырады.
Қой бағасы тек Құрбан айт алдындағы маусымдық құбылыс қана емес, ауыл шаруашылығындағы жалпы шығынның өскенін де көрсетеді. Жем-шөп, тасымал, мал күтімі және делдалдық тізбек бағаға тікелей әсер етіп отыр.
Құрбандық малының қымбаттауы халықтың қалтасына да салмақ түсіреді. Әсіресе қала тұрғындары үшін малды базардан алып, сою, жеткізу және тарату шығыны бөлек есептеледі. Сондықтан биыл көпшілік тек бағаға емес, малдың талапқа сай болуына, арнайы орындарда шалынып, еттің дұрыс таратылуына да мән беріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен халықтты құттықтады. Президент өз сөзінде мейірім, қайырымдылық, өзара құрмет пен жанашырлық секілді құндылықтардың қоғам үшін маңызын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







